Елімізде 45 қарттар үйі бар. Онда 7 мыңнан астам адам тұрады
Ата-анасын қарттар үйіне тапсыратындар табысының 50 пайызынан қағылуы мүмкін. Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков Үкіметке сауал жолдап, заңға тиісті норма енгізуді көздеп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мәжілісмен Таңсәуле Серіков қарттар үйінде тұратын қаракөз қариялар көбейіп барады деп дабыл қағып отыр. Оның айтуынша, бүгінде мұндай орталықтарды паналап жүргендер 90 пайызға жеткен. Өңірлерді аралап, жағасын ұстап қайтқан депутат әке-шешесін қарттар үйіне өткізетіндермен күресті бастап кетті. Ол мәжіліс мінберінде ата-анасынан бас тартқан азаматтарды табысынан айыруды ұсынды.
«Ата-ананы өткізбес бұрын, жақсылап ойланады. «Мен 50 пайыз жалақымнан беріп, ана кісіні өткізсем..» деген ой туады. Оған келісетін азамат болса, тапсыра берсін. Өйткені ол жалақысының орта мөлшерін ата-анаға беретін болса, ол қарттар үйі емес, бөлек үй жалдап тұруға да мүмкіндік береді. Егер қарай алмаған жағдайда, жұмысы болса, өзімен бірге үйде тұра алмайтын жағдайда, үйін әперсін, күтушісін жалдасын, тамағын алып берсін, мен қарсы емеспін», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Таңсәуле Серіков.
Елордадағы Шарапат орталығында түрлі тағдырлар тоғысқан. Қарттардың бірі жас күнінде ұлағатты ұстаз болса, енді бірі дәрігер, құрылысшы болып қызмет еткен. Қазір мұнда 200-ден астам қария бар. Кейбірінің туған-туысы жоқ, арасында жақындары бола тұра тағдырдың жазуымен қарттар үйін қара шаңыраққа айналдырғандар да кездеседі. Біз олармен тілдесіп, депутаттың ұсынысына қатысты пікірін сұраған едік. Қарттардың айтары бар.
«Шынына келгенде келісемін, әрине. Өйткені қарттар үйіндегі олардың анасы, атасы ғой. Оларды өсірді, енді балалары көмектесуі тиіс. Сол себепті мен депутаттардың сөздеріне келісемін», – деді зейнеткер Зиятбек Байзақов.
«Дұрыс емес. Олардың отбасы, балалары бар. Менің бір ұлым бар, балалары бар. Өзі пәтер жалдап тұрады. Қалай көмектеседі?»– деді зейнеткер Бекзада Ибраев.
«Қазақ «әкең жынды болса да, байлап бақ» деген. Өзімде семья жоқ, мысалы балаларым болса «бақ, баға алмасаң төле» деп айтамын. Сені асырап, бақты, 9 ай көтерді, ер жеткізді. Қарттар үйіне өткізу, дұрыс емес деп ойлаймын», – деді зейнеткер Жанболат Бейсенбаев.
Орталықтың директоры бала-шағасы бола тұра, қарттар үйінде күн кешіп жүргендердің барын жасырмайды. Олар «туғаным да, туысым да жоқ» деп құжат жинап, өмірін осы мекемеде өткізуді құп көреді. Алайда уақыт өте келе, зейнетақысынан қалғанын балалары мен немерелеріне үлестіріп беретін көрінеді.
«Ең жүректі ауыртатыны – бұл кісілердің ешкімім жоқ деп келуі. Өздері психолгтармен, әлеуметтік жұмыскерлермен отырған кезде «қызым бар еді, ұлым бар еді, келінім бар еді, күйеу балам бар еді» деп айта бастайды. Сол кезде біліп отырамыз, – деді «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Ардақ Сейітова.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі қарттар үйіне кім көрінген әке-шешесін әкеліп тастай алмайтынын айтты. Олар тек 12 санатқа жататын азаматтарды ғана қабылдайды. Бала-шағасы бар қариялар 2009 жылдан бастап тізімде жоқ және олар бұндай орталықтарды тек ақылы түрде ғана паналай алады деп ағынан ақтарылды. Біз барған елордадағы Шарапат орталығы айына 106 мың теңге төлесең, қамқорлығына алады.
«Ол ұйымдарға балалары жоқ немесе әйелі жоқ азамат түседі. Немесе белгілі бір объективті себептерге байлынысты, егер баласы түрмеде отырған жағдайда, немесе онкологиялық, психикалық аурулармен ауырған жағдайда немесе тұрғылықты шетелге көшкен жағдайда, адамдарды орталықтарға қабылдай аламыз. Яғни бүгінгі таңда балалары бар ата-аналар қарттар үйіне қабылданбайды, – деді ҚР ЕХӘҚМ Арнаулы әлеуметтік қызметтер департаментінің бас сарапшысы Амантай Майрамов.
Министрліктің дерегінше, елімізде 45 қарттар үйі бар. Онда 7 мыңнан астам адам тұрады. Депутат Таңсәуле Серіков арасында 70 жастан асқандарының атында жылжымайтын мүлкі болса, оны өзге біреудің атына рәсімдеуге тыйым салу қажет деп санайды.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Шетелдік компанияға жалданып жұмыс істеген 200 жүргізуші ақысын ала алмай жүр