Атамекен – ел рухы: алматылықтар Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылығына арналған көрмені бір ай тамашалай алады

07.02.2025 19:47

Биыл еліміздің бейресми әнұранына айналып кеткен аңыз әнге де – "Атамекенге" 55 жыл толды!

Алматыда қазақ музыкасының жарқын тұлғасы, әйгілі композитор Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған "Атамекен – ел рухы" көрмесі өтіп жатыр. Бұл көрме – қазақ музыкасының тарихындағы маңызды сәттерді еске салып, ұлы композитордың бай шығармашылығын дәріптеуге арналған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанның Халық артисі Ескендір Хасанғалиевтің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрмеде композитордың жеке заттары, фотосуреттері және сахналық костюмдері, жалпы саны 80-нен астам экспонат қойылған. Әр бұйым аңыз тұлғаның өмірінен сыр шертіп, келушілерді баурады.

"Бүгін шымылдығы ашылғалы отырған Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арнайы жасақталған көрменің мақсаты – өскелең ұрпақты өнерге баулу, сонымен қатар даңқты композитор, әнші, Қазақстан еңбек сіңірген қайраткерінің өмірін, шығармашылығын көпшілік халыққа насихаттау, қазақ өнерінде алатын орнын көрсету", – деді Алматы музейінің жетекшісі Кәмшат Жиеналиева.

Биыл еліміздің бейресми әнұранына айналып кеткен әйгілі композитордың "Атамекен" әніне де 55 жыл толды. Бұл туындыны білмейтін, тебіреніп тыңдамайтын қазақ жоқ. Десек те Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылығы тек "Атамекенмен" шектелмейді. "Бозторғай", "Айналдым елім" және өзінің жарына арнаған "Әдемі-ау" әндері халықтың сүйіп тыңдайтын шығармаларына айналған.

"Ескендір ағаларыңыз "Әдемі-ау" деген әнді маған арнағанын айтқан. "Жоқ, маған емес шығар" деп ойлайтынмын. "Сені іздеп жүріп, жаздым" деп, ылғи айтып жүретін, – деді Е. Хасанғалиевтің жұбайы Дарико Хасанғалиева.

Ән өнерінің жарық жұлдызы өмірінің соңына дейін 200-ден аса ән, романс, хорға арналған әуен жазған. Бұл композитордың музыкасы – қазақ мәдениетінің алтын қазынасы.

Айта кетейік әйгілі композитор тек қазақ поэзиясына ғана емес, орыс, татар, неміс ақындарының өлеңдеріне де ән жазған.

"Әкемнің әншілігі бір бөлек, композитор ретінде ұйғыр, татар, башқұрт, неміс, француз, корей ақын өлеңдеріне ән, романс жазған. Оның шығармашылығының ерекшелігі – осы", – деді Е.Хасанғалиевтің баласы Біржан Хасанғалиев.

"Атамекен – ел рухы" көрмесі музыка мен тарихтың тоғысқан тамаша алаңы! Көрме ай соңына дейін ашық.

Мәди Мәлік, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Онлайн-қызмет: Алматыда қоғамдық орындарда автономды кітапхана орнатылған