Атына заты сай емес: ақтаулықтар ақылы лицейдегі білім сапасына сын айтты

05.02.2025 20:56

Мұғалімдерге әлеуметтік төлемдерді аудармаған

"Балаларымыз төленген ақшаға сай білім алмайды". Осылай деп шырыл қаққан бір топ ата-ана жекеменшік орталықтың жұмысына шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алғашында балаларының болашағынан зор үміт күткен ата-аналар оқушыларды шетелдегі оқу орнына түсіру үшін арнайы орталықта оқытқан. Кейін сол орталық лицей ашып, барлық оқушылар осында ауысады. Бірақ уақыт өте келе, жалақы төленбегендіктен, мұғалімдер жұмыстан шыға бастаған. Сәйкесінше, оқушыларға сабақ беру тәртібі нашарлап, оқу орнында ұстаздар азая берген. Енді ата-аналар "төлеген миллиондарымыз ақталмады" деп ақшасын кері қайтаруды талап етеді.

"Келісімшарт бойынша бір жылға толық төлей керек" деп 1 миллион 500 теңге құйдық. Ай сайын төлеуге келіспеді.  Қазір сыныпта 3 адам қалды. Орыс сыныпта 1 сынып, қазақ сыныпта тек 3 адам қалды", – деді  ата-ана Айнұр Сейдахметова.

"Екінші тоқсанда бәрі дұрысталады" деген уәде орындалмады. Ешкім телефонға жауап бермейді, жазылған арызға қол қоймады, ақшаны қайтаратын түрі жоқ", – деді ата-ана Ақмарал Кәрім.

Лицейдегі былық мұнымен біткен жоқ. Ақша қайтара алмай жүрген ата-аналардан бөлек, мұғалімдер де жалақыға зәру. Олар зейнетақы мен міндетті әлеуметтік медицина сақтандырудан да құр қалдық деп зар жылайды.

"Мұғалімдердің талабы – қыркүйектен бергі әлеуметтік төлемдерді аударту. Зейнетақы қорына, МӘМС-те төленбеді. Ауырсақ ақылы қараламыз. Жұмыстан шыққан мұғалім ретінде қаңтардың жалақысын  ала алмай отырмыз", – деді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Наз Шафик.

Ал лицей құрылтайшысы мәселені бір аптада шешетінін айтып, уәде берді. Бірақ мекеменің шоты бұғатталған.

"Ақтау қаласында 4 ай болған жоқпын, бұл мәселе сол кезде туындаған. Бір апатының ішінде шешіледі, дүйсенбіден бастап сабақтар өтеді. Физика, математика бағыты болғандытан, назарды сол жаққа аударып жатырмыз", – деді лицейдің құрылтайшысы Якуб Халықбердиев.

Лицей құрылтайшысын ата-аналар жазған арызға сәйкес, қалалық прокуратураға шақыртқан. Құзырлы орган өкілдері заң аясында тексеру жұмыстарын жүргізіп болғаннан кейін, ресми ақпарат беретінін мәлімдеді.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан

Оқи отырыңыз:300 мың теңге шығын: бұралқы иттер үй құстарын талап тастаған