100-ден аса тұрғын түн ортасында эвакуацияланды
Атырауда көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан бір адам көз жұмды. Оқиға қаладағы Алмагүл ықшамауданында болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қайғылы оқиға түнгі сағат 3:00-де болған. Салдарынан 70 жастағы зейнеткер көз жұмды. Ал екі қолын күйік шалған 30 жастағы азамат ауруханаға жеткізілген. Құтқарушылар келгенше қызыл жалын 74 шаршы аумақты шарпып үлгеріпті. Ал қатты дыбыстан шошынып оянған Батима Нығметова ес жия алмай жүр. Дүрсілді ести сала, бар киімін алып, далаға атып шыққан ол “марқұм болған әйелдің ұлы анамды құтқарыңдар деп жанұшыра көмек сұрады» дейді. Батиманың айтуынша, 70 жастағы Мария апайдың бұған дейін ұлы мен келіні жиі келіп тұрған, қарияның өзі де емен-жарқын, елге жақын адам болған.
"Шығыңдар, шығыңдар үй өртеніп жатыр» деп айқалады. Әдейі өртеген кім екенін нақты айта алмаймын. “Баласы үйіне бензин шашып, от қойыпты» деп естідім,көрмедім. Баласының қолы күйіп қалған, «мама, маманы құтқарыңдар» деп жүрді", – деді қала тұрғыны Батима Нығметова.
Оқиға орнына дереу жеткен төтеншеліктер өртті жарты сағаттан соң сөндірген. Абырой болғанда, өзге тұрғындарға қауіп төнбеген. Қазір полиция апат болған үйде тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
"13 адам, 6 бала құтқарылды. Оқиға орнынан 1954 жылғы әйелдің мүрдесі табылды. Сонымен қатар 1994 жылғы ер азамат күйік жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Төтеншеліктерден 17 құтқарушы, 4 бірлік техника жұмылдырылды. Ішкі бұйымдар өртенген, сол себепті «қасақана өртеген» деген болжам бар", – деді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Бағдат Абдуллин.
Полиция аталған қайғылы оқиғаға қатысты тергеуді бастады. Істің ақ қарасы сол тергеудің нәтижесінен соң белгілі болады.
Айта кетейік, аймақта биыл 218 өрт оқиғасы тіркелген. Төтеншеліктердің айтуынша, көп жағдайда тұрғындар қауіпсіздік ережелерін ескере бермейді.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, Атырау облысы
Оқи отырыңыз: Жаңаөзенде 150 жанұя апатты үйде өмір сүруге мәжбүр