Былтыр Қазақстанға ТМД елдерінен 4 миллиард доллар инвестиция тартылды
Қазақстан ТМД елдерінің нарығында отандық қызмет экспортын одан әрі арттыра түспек, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құжатта еркін сауда аймағын қалыптастыруды көздейтін ережелер жазылған. Сондай-ақ тараптардың инвестиция тарту мүмкіндігі артады. Бүгін сенаторлар «көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы, инвестициялардың құрылуы және жүзеге асырылуы туралы» келісімді ратификациялады.
Айта кетейік, былтыр Қазақстанға ТМД елдерінен 4 миллиард доллар инвестиция тартылса, бізден серіктес мемлекеттерге 600 миллион доллар қаржы құйылған.
«Қызметтер экспортының құрылымына сапарлар, телекоммуникация, компьютерлік, ақпараттық және қаржылық қызметтері кіреді. Сонымен қатар сапарлар, басқа іскерлік қызметтер, телекоммуникация, компьютерлік және ақпараттық қызметтер импортталады», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Аққожина.
Сондай-ақ құжат отандық компанияларға Өзбекстанның қызмет көрсету нарығына жеңілдетілген шарттармен кіруге мүмкіндік береді. Өйткені көрші ел Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейді. Келісім аясында Өзбекстан заңгерлік, салықтық, инженерлік, IT сияқты 54 қызмет түріне жеңілдік беріп, қазақстандық бизнес өкілдеріне сол мемлекеттің нарығына шығуға қолайлы жағдай жасайды.
«Ең басты жаңалық – Өзбекстан қызмет көрсету секторы бойынша нақты міндеттемелерді өз мойнына алып отыр. Олардың сауда кеңістігіне бұрын рұқсат етілмеген шарттар бойынша кіре аламыз. Яғни, біз үшін өзбек нарығына қолжетімділік артып, құқықтық кепілдіктер күшейеді. Ал олардың компаниялары біздің экономикалық кеңістікте бұрыннан-ақ еркін жұмыс істеп жүр. Сондықтан олар үшін айтарлықтай өзгеріс болмайды», – деді ҚР Cауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова.
Оқи отырыңыз: Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Алматыға жұмыс сапарымен келді