Балабақша керек: Байқадам ауылының тұрғындары техникалық қызмет көрсететін орталық құрылысына наразы

Ал ақжағалылардың сөзінше, бұл учаскеде бизнес нысаны емес, бөбекжай бой көтереді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Балабақшаның орнына көліктерге техникалық қызмет көрсететін орталық бой көтермек». Ақтөбе іргесіндегі Байқадам ауылының тұрғындары осылай деп шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мыңнан астам тұрғыны бар Байқадам ауылында қазір 600-ге жуық үй түтін түтетіп отыр. Мектеп жасына дейінгі балалары бар отбасы да аз емес. Ауыл азаматтарының сөзінше, бірнеше жылдан бері қолданысқа беріледі деп күтіп жүрген бөбекжайдың орнына көліктерге техникалық қызмет көрсететін орталық салына бастаған.

 «Былтыр балалар алаңын сұрағанда «орын жоқ, бұл жерде балабақша салынады» деді. 30 сотық жер балабақшаға арналған. Жеке тұлға 20 соттық жерге балабақша, ал қалған 10 соттық жерге техникалық қызмет көрсету орталығын салмақ», – деді Байқадам ауылының тұрғыны Алмаз Жақсыбеков.

Азаматтардың шағымынан соң кәсіпкер тек балабақша салатынын айтып, құрылысты тоқтатқан. Алайда тұрғындардың айтуынша, бұл – бос уәденің бірі.

 «20 соттық жерге балабақша сыяды деп ойладым. Құрылысты тоқтатып, тек балабақша салам. Екі қабатты ғимарат саламыз», – деді кәсіпкер Құдайберді Топаев.

«Жоба диагностикалық орталық, дүкен көрсетілген. 2023 жылы қыркүйекте берілген. Балабақша жоқ», – деді «Ақтөбе жер мониторингі» КММ бөлім басшысы Алмат Ысқақов.

Ал ақжағалылардың сөзінше, бұл учаскеде бизнес нысаны емес, бөбекжай бой көтереді. Алайда ауыл тұрғындары облыс прокуратурасына жүгініп, жағдайды бақылауға алуды өтініп отыр. Сондай-ақ әлеуметтік нысанның құрылысын басқа кәсіпкер жүргізсе деген талап айтты.

Гүлмарал Изатқызы, Нұргүл Тілепова, Айдын Спанов, Ақтөбе

Оқи отырыңыз: Емханалар жанындағы мобильді бригадалардың жұмыс тәртібі не үшін өзгерді

Новости партнеров