Балалар мен жасөспірімдер спортына көбірек көңіл бөлінбек

Елімізде легионерлерді бюджеттен қаржыландыруға тыйым салынады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде легионерлерді бюджеттен қаржыландыруға тыйым салынады. Оның орнына балалар мен жасөспірімдер спортына көбірек көңіл бөлінеді. Сенаторлар дене шынықтыру және спорт туралы заңға енгізілген түзетулерді екі оқылымда қарап, мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаңа нормаларға сай, мемлекеттік қаражат енді спорттың негізгі бағыттарын дамытуға бөлінеді. Бұл саладағы саясат – Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Пара Азиада ойындарында жоғары нәтижелерге қол жеткізуге бейімделеді. Заңда Ұлттық спорт федерацияларының аймақтық федерацияларға қарағанда басымдыққа ие болатыны жазылған. Сондай-ақ аккредиттелген спорт федерациялары діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөнінде шаралар қабылдауға міндеттелмек.

 «Спорт іс-шараларына және халықаралық спорт жарыстарына жіберу кезінде бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшыны алып жүретін адамның шығындарын өтеу жөніндегі заңнамалық талап белгіленді. Спорт медицинасын дамытуға бағытталған нормалар көзделген. Заңмен спортшылар мен жаттықтырушыларға мемлекеттік әлеуметтік қолдау көрсету тәртібіне де өзгерістер енгізілмек», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әсем Рахметова.

Құжатта осы саладағы мемлекеттік ұйым басшыларын ауыстыру жүйесі енгізілетіні жазылған. Туризм және спорт вице-министрі «бұл - спорт саласындағы бұрын-соңды болмаған жаңа тәсіл» деп отыр. Министрліктің дерегінше, Қазақстанда 521 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. Енді бұл мекемелердің директорлары да ротацияланады. Мұндай норманы енгізуге кей өңірлердегі мекеме басшыларының еш нәтиже көрсетпей, 20 жылдай бір ұйымды басқарып келгені себеп болған. Заңға сәйкес олар 5 жылға ғана тағайындалады.

«Әкімдер ауыса береді, спорт басқармасының басшылары ауыса береді, бірақ мектеп директорлары ауыспаған. Кейбір аймақтарда, аймақтардың атауын енді айтпай-ақ қояйын, бір директор 28 жыл отырған. Ешқандай нәтиже көрсетпеген. Ол жерде 28 жылдың ішінде ешқандай дамымаған», – деді ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.

Оқи отырыңыз: 

 

 

Новости партнеров