Иесіз жүрген төртаяқтылар үйлердің ішіне кіріп, жатып алатын болған
Түркістан облысының Сайрам ауданында қаңғыбас иттер қаптады. Ата-аналар ұл-қыздарын мектеп пен балабақшаға жіберуден қорқып қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұралқы иттер баланы қойып, үлкендердің де зәресін алып біткен.
«Ит көп. Немерелеріміз ауруханаға жатып, емделіп шықты. Автобусқа балаларымызды алып шығамыз, тас, таяқ ұстап жүреміз», – деді Сайрам ауданының тұрғыны Махлиса Құрбанқожаева.
Қаңғыбас иттер тұрғын үй аулаларын тіміскілеп, тұрғындарға тыныштық бермейді. Жұрт олардан ауру жұға ма деп те алаңдайды. Иесіз жүрген төртаяқтылар үйлердің ішіне кіріп, жатып алатын болған. Ал қабаған иттерді аулауға келген мамандар олармен арпалысып, әбігерге түседі.
Мұндайда ветеринария қызметінің мамандары итке ұйықтататын дәрі беріп, оны тұрғын үйден алып шығады. Ауданда ауланған жануарлардың барлығы арнайы орталыққа жеткізіледі. Сол жерде стерильдеу жұмыстары мен вакциналау жасалады.
«Бұл жерге 4 ауданнан қаңғыбас иттерді жеткізіп береді. Біз стрельдеу жұмыстарын істейміз. Осында 8 күн бақылауда болады. Одан кейін әр аудан алып келген иттерін алып кетеді, қайтарып береміз», – деді мал дәрігері Ұлықбек Балтақожаев.
Бұралқы иттердің көбейіп кеткенін ветеринария қызметінің өкілдері де мойындап отыр. Дегенмен жауаптылар тұрғындардан шағым түссе, қарап отырмайтынын айтты.
«Айына 2300-дей жоспар бар. 109 қызметінен шағым түскенде бригада барып, ит аулайды», – деді Сайрам ауданы «Ветеринария қызметі» филиалы басшысының міндетін атқарушы Әсет Демеуов
Ресми мәліметке сәйкес, жыл сайын елімізде 38 мыңнан астам адамды ит қабады. Бұл – күніне 104 адам бұралқы иттердің шабуылына ұшырайды деген сөз. Оның кемінде жартысы – 14 жасқа дейінгі балалар.
Нұркен Әкімхан, Мақсат Күнібек, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Атырауда жолдарды жөндеуге 16 млрд теңге бөлінді