Ибрагим Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатында 170-тен астам бала білім алады
«Баламызды далада емес, қалада оқытқымыз келеді». Алматы облысының Білім басқармасына қарасты Ибрагим Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернаттың ата-аналары осындай талап қойып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ибрагим Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатында 170-тен астам бала білім алады. Сыныпта түнеп, спортзалда тамақтанып жүргендердің жағдайы бұған дейін әлеуметтік желіде желдей ескен еді. Әуелі әлқиссасынан бастайық. Үш жыл бұрын мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Алайда мердігер оны белгісіз себептермен аяқтамай кетеді. Соның салдарынан қала орталығындағы мектеп-интернат жабылып, Қонаевтан ашылуы мүмкін. Өйткені апатты деп танылған. Ал бұл шешімге ата-аналар үзілді-кесілді қарсы.
«Мен осы мектепке баламды оқытамын. Жалғызбасты анамын. Қонаев жаққа көшіргенін қаламаймын. Өйткені ол жақ өте алыс, жұмысты тастап бара алмаймыз», – деді ата-ана Салтанат Өтегенова.
«Талғардан келемін, баланы сабаққа сағат 15:00-ге апарам ба? Қонаевқа баруға жағдайым жоқ», – деді ата-ана Толқын Жанай.
Оқу ошағында халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан отбасылардың балалары оқиды. Ал олардың жағдайын жасап, білім алуы үшін 70-ке жуық азамат жұмыс істейді. Мәселе оларды да алаңдатып отыр.
«Қазақтың қара домалақ балалары ауылдан арман арқалап келді ғой. Олар – әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан, жалғызбасты ана-әке тәрбиелеп отырған, жетім балалар. Мұғалімдерге жұмыс табылады. Отыз жылдық еңбек өтілімен кез келген жерден жұмыс тауып аламын», – деді И. Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатының мұғалімі Роза Сыдықбекова.
Мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқу орнының түлектері интернатты сүріп тастап, орнына тұрғын үй кешенін салуы мүмкін деген пікір айтты.
«Қапшағай қаласына көшіреді» деп естідік. Мына жердің тағдыры не болады? Ғимараттың орнында бұрын балабақша болған. 2020 жылы сүріп тастап, тұрғын үй салды. Дәл соның тағдыры біздің мектепке де төніп тұр, – деді И. Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатының түлегі Қайрат Жолдыбайұлы.
Ал облыстық Білім басқармасының мамандары оқу орнын тіпті Қонаевқа көшіретін инвестордың да дайын екенін айтып отыр.
«Жеке инвестор тегін салып беріп, көшіру мәселесі қарастырылуда. Бірақ білім ордасы 2026 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беріледі», – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова.
Жауаптылардың сөзінше, мектеп-интернатта білім алып жатқан оқушылар қаладағы өзге оқу орындарына уақытша жіберіледі. Ал бүгін жиналған жұрт Мемлекет басшысына үндеу жасап, аталған жағдай бойынша оң шешім шығаруға септесуді сұрап отыр.
Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Енді жоғары сынып оқушылары дайын маман атанады