Әбден мазаладыңдар: тұмаудан қайтыс болған оқушының өліміне кім кінәлі

30.01.2025 19:00

Медициналық қызмет сапасын бақылау департаменті қайғылы оқиғаны тексеруге кірісті

Қарағандыда тұмауратып, қайтыс болған 13 жастағы оқушының жақындары оның өліміне дәрігерлерді айыптап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жасындай жарқыраған 13 жастағы Дамир Болымбаев балалық балғын шағынан дзюдомен шұғылданып, спортты жанына серік еткен. Ол сабақты да үздік оқыған. Талабы таудай жеткіншек Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алған. Ал өткен аптада дене қызуы күрт жоғарылағаннан кейін сабаққа баруды тоқтатқан.

"Бастапқыда баланың тек қызуы көтеріліп тұрған. Аяқ-қолы бірден тартылды. Бауырым фельдшерге өзін өте жайсыз сезініп тұрғанын ескерткен. Алайда дәрігер ол сабаққа бармау үшін ойлап тапқан сылтау деп, жеңіл –желпі қарады", – деді марқұмның туысы Әлия Болымбаева.

Марқұмның ет жақындары «үйге келген дәрігер тек тұмауға қарсы дәрі-дәрмекті нұсқауымен шектелді» дейді. Бірақ керекті дүниені қабылдаса да, оқушының сырқаты басылмаған. Ең соңғы сәтте амалдары таусылған Дамирдің жақындары жедел жәрдем көмегіне жүгінген.

"Анасы Дамирдің дел-сал күйін көрсетіп, көмек сұраса да ақ халаттылар назарға алмады. Қолында ісік пайда болғанынан ескертіп айтқан. Дәрігер "әбден мазаладыңдар" деген сыңай танытып түйілуді басатын спазмолитик салған. Сол екпеден соң, баланың жағдайы күрт төмендеген. Көзінің қарасы өзгеріп, тынысы тарылып, жаны қысылды", – деді марқұмның туысы Анна Пфайфер.

Үшінші рет келген жедел жәрдем ғана Дамирді әлсіреген жағдайда ғана жансақтау бөліміне жеткізген. Өкініштісі  бала дәл сол жерде жан тапсырған. Мұндайда ата-ананың ақ халаттыларға ашу шақырғаны белгілі. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы да дәрігерлер тарапынан салғырттықтың болғанын растайды.

"Аталған оқиғаға тәуелсіз сарапшылар тобын тарта отырып, жан-жақты тергеу жүргізілуде. Алдын ала қызметтік талдау нәтижелері бойынша жекелеген медицина қызметкерлері тарапынан заңбұзушылық фактілері анықталды. Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады", – делінген Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Қаралы әрі жүрегі жаралы ата-ана 13 жасында қапыда қайтыс болған балаға қатысты құқық қорғау органдарына арыз жазған. Ал Медициналық қызмет сапасын бақылау департаменті қайғылы оқиғаны тексеруге кірісті.

Жанбота Бейсембайұлы , Айнұр Бексұлтанқызы, Қарағанды облысынан

Оқи отырыңыз: Түркістандық студенттер ауылға көгілдір отын кіргізіп жатыр