Бала соққының салдарынан жарақат алған
Атырауда жеке балабақша тәрбиешісі 5 жасар баланы тепкені үшін жұмыстан шығарылған еді. Енді сот үкімімен тәрбиешіге 314,5 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.
Тәрбиешінің теріс әрекетіне қатысты Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалған. Бұл іс Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
— Жеке балабақша тәрбиешісі сабақ кезінде 5 жасар тәрбиеленушіні ұрғаны анықталды. Соның салдарынан бала жарақат алған. Сот-медициналық сараптама баланың оң жақ санында көгергені туралы қорытынды берген. Сотталушы теріс әрекетін толық мойындады. Тәрбиешінің кінәсі жинақталған дәлелдермен толық дәлелденді. Сотта дәлелдер зерттелді, — деп хабарлады аталған соттан.
Прокурор сотталушыға белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жыл мерзімге айырып, 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу жазасын тағайындауды ұсынды. Ал сотталушы мен оның қорғаушысы қатаң жаза тағайындамауды сұрады. Жәбірленуші тарап сотталушыға жеңіл жаза тағайындауды қалады.
Сот үкім шығармас бұрын бірнеше жайтқа назар аударды. Алдымен тәрбиешінің қылмыстық теріс қылығының сипаты мен қауіптілік дәрежесін саралады. Екіншіден, тәрбиешінің жеке басын, отбасылық жағдайын, тұрақты табыс көзі барын, қылмыстық теріс әрекетті алғаш рет жасағанын ескерді.
Тәрбиешінің кінәсін мойындап, өкiніш білдіргені жазасы мен жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайларға жатқызылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
— Сотталушы айып тағылған баппен кінәлі деп танылды. Тәрбиеші педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 1 жыл мерзімге айырылды. Оған 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде — 314 мың 560 теңге айыппұл жазасы тағайындалды, — деп мәлім етті соттан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Оқи отырыңыз: Қансыраған қалпы үйге өзі жеткен - лифтіде пышақталған баланың анасы не дейді