Бір бала жансақтау бөлімінде жатыр: Атбасарда көлік 4 адамды қағып кетті

Мира Байбек
Видеодан кадр
Видеодан кадр

Сондай-ақ 1964 жылы туған әйел жансақтау бөліміне ауыстырылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атбасарда көлік көшеде жаяу кетіп бара жатқан 4 адамды қағып кетті. Жол-көлік апатынан зардап шеккен төрт адам да ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Nayza Kokshe Іnstagram-паблигінің жазуынша, жол-көлік оқиғасы сенбі күні, яғни 12 сәуірде болған.

«Мерседес» көлігінің жүргізушісі жол жиегінде кетіп бара жатқан екі ересек пен екі кәмелетке толмаған баланы қағып кеткен. Олардың барлығы - апат болған 1-шағынауданның тұрғындары», - делінген хабарламада.

Зардап шеккендердің барлығы Атбасар ауданаралық көпсалалы ауруханасының жедел жәрдем бөліміне жеткізілді.

Олардың ішінде 1976 жылы туылған әйел басынан және белінен жарақат алған – ауруханаға түскен кездегі жағдайы орташа ауырлықта, жарақат бөліміне жатқызылды.

2003 жылы туылған жас жігіт бас және жамбас аймағындағы ауру сезіміне шағымданып, жарақат бөліміне жатқызылды, қазір симптоматикалық ем қабылдауда.

Ал 2018 жылы туылған бала желкесінен жарақат алғандықтан, шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылған. Баланың жағдайы дәрігерлер кеңесінде қаралып, облыстық балалар нейрохирургтерімен қашықтықтан кеңес өткізілді.

«Емдеу бойынша ұсыныстар беріледі. Қазіргі уақытта баланың жағдайы тұрақты, орташа ауырлықта. Баланы санитарлық авиация арқылы Көкшетаудағы облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жіберуге дайындалуда», - делінген хабарламада.

1964 жылы туған бір әйел басынан және денесінен жарақат алып, жарақат бөліміне жатқызылғалы бері жағдайының нашарлауына байланысты жансақтау бөліміне жатқызылды. Науқасқа аймақтық нейрохирургтер қашықтан кеңес берді. Мамандар бақылау және емдеу бойынша ұсыныстар берді.

Аталған оқиға бойынша пікір білдірген полиция өкілдері жүргізушілерден жылдамдықты сақтауды сұрайды.

«Mercedes көлігінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы салдарынан түрлі жарақат алған төрт жаяу жүргінші медициналық мекемеге жатқызылды», - делінген облыстық ПД хабарламасында.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатыны түсіндірілді.

Оқи отырыңыз: Комада жатыр: Павлодарда екі жасар бала терезеден құлап кетті

Новости партнеров