Тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс берілді
Cемейде оқушыны бір топ жасөспірім жабылып соққыға жыққан оқиғадан кейін мектеп директоры қызметінен қуылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы Абай облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті.
«Оқиғаға байланысты білім беру мекемелерінің басшылық құрамына тәрбие жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін тәртіптік жаза қолданылды.
Мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері мен мектеп психологтарына тәртіптік жаза қолданылды. Семей қаласының №15 мектеп директоры, Ш. Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицейі интернатының директоры сөгіс алды. Семей қаласының №9 мектеп директоры қызметінен босатылды, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс берілді», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, Семейде оқушыны қорлап, соққыға жығу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Балалар құқығын қорғау комиссиясы өзге баланы аяусыз тепкілеген 4 жасөспірімді арнайы мектепке жіберу туралы шешім шығарып, олардың ата-аналары жауапқа тартылды. Абай облысының әкімі Берік Уәли бұл дерекке қатысты егжей-тегжейлі қызметтік тексеру жүргізуді тапсырды.
Оқи отырыңыз: Семейдегі аспалы көпірге зақым келді