Биыл 14 әуе кемесі сатып алынады

19.02.2025 20:05

Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды және Ақтау қалаларында әуе хабтары ашылады

Елдегі 6 әуежайды жаңғыртуға 2 миллиард доллардан астам жеке инвестиция тартылады. Бұл туралы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды және Ақтау қалаларында әуе хабтары ашылады. Осылайша терминалдардың өткізу мүмкіндігі артып, әуе кемелерінің паркі кеңейеді. Үкімет ұшақтардың санын арттыруды көздеп отыр. Жыл соңына дейін ел бойынша қосымша 14 әуе кемесі сатып алынбақ.

"Жолаушылар тасымалын дамыту мақсатында қолданыстағы әуе кемелерінің паркін үнемі толықтырып, жаңартып отыру қажет. Әуе компаниялары қарыз алу және лизинг тетіктерін пайдаланады. Бұл жұмысқа даму институттарын, соның ішінде квазимемлекеттік даму институттарын да белсенді тарту керек. Көлік министрлігіне Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, әуе компанияларын, әсіресе шағын әуе компанияларын қолдау шараларын пысықтауды тапсырамын", – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Оқи отырыңыз: Үкімет басшысының тапсырмасымен алты әуежайға тексеру жүргізілді