Биыл 71 елдімекен газбен қамтылмақ

23.04.2025 19:57

«Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында аз қамтылған отбасылар газды жеңілдікпен ала алады

Биыл елімізде газ өндіру 62,8 млрд текше метрге жетеді деп жоспарлануда. Былтырғы көрсеткіш – 59 млрд болған. Газ өндірудің негізгі қоры Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған ірі кен орындары болады. Сұйытылған газ өндірісі өткен жылғыдай, 1,7 млн тонна көлемінде сақталмақ. Ал ішкі нарыққа 21,3 млрд текше метр газ жеткізу қолға алынған. Газ саласын дамыту мәселесі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, 2025 жылы 71 елдімекенді газбен қамту бойынша 60 жобаны іске асыру қолға алыныпты. Яғни бұл табиғи газға 218 мың адам қол жеткізеді деген сөз. Сонымен қатар жаңа кен орындарын салу бойынша бірнеше ірі компаниялармен келісім жасалған. Бұл жобалар елге 535,5 млрд текше метр газ қорын береді деп күтілуде.

«Бүгінгі таңда QazaqGaz-дың «Аққұдық» және «Шалқар» учаскелеріндегі әлеуетті инвестор «ҚОР» мұнай компаниясы» АҚ-мен, КТ-III учаскесіндегі Chevron компаниясымен, Северный-2 учаскесіндегі «ҚазАзот» ЖШС-мен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу бойынша келісімдері бар. Ал «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-мен Северный-1 учаскесі бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұдан бөлек, Gas Solution әлеуетті инвесторы «Самтыр Солтүстік» және «Самтыр Оңтүстік» учаскелері бойынша қызығушылық танытып отыр», – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Ал «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында аз қамтылған отбасылар газды жеңілдікпен ала алады. Қазіргі уақытта БҚО мен Шымкентте пилоттық жоба іске қосылып 2,5 мыңнан астам отбасыға газ төмен бағада берілген.

 «Әлеуметтік көмек қалта» жобасы бойынша ұсынылған жеңілдіктердің күтілетін сомасы 100 млн теңгеден асуы мүмкін. Ал жеңілдікті пайдаланған атаулы әлеуметтік көмек және тұрғын үй көмегін алатын азаматтардың үлесі 37 пайызға жетті. Цифрлық даму, Энергетика және Еңбек министрліктерінің арқасында илоттық жоба сәтті жүзеге асырылды. Бұл жобаны басқа өңірлерде де дамытамыз», – деді «Qazaqgaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.

Отырыс барысында кей өңірлердің қорытындылары да тыңдалды. Былтыр  Ұлытау облысына газбен ғамту жұмыстары үшін 3,9 млрд теңге бөлінген. Алайда оның бар болғаны тек 77 миллион теңгесі ғана игеріліпті.  Премьер-Министр Олжас Бектенов жергілікті биліктің жұмысына көңілі толмай облыс әкіміне шүйлікті.

 «Басқа өңірлерге қаражат жетіспейді. Ал сіздерге қаражат берілгенімен жұмыс жоқ. Олай жұмыс істеуге болмайды ғой. Шара қабылдаңыздар», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Жиын соңында Үкімет басшысы өңір әкімдеріне елдімекендерге газ жүргізу жұмыстарын уақтылы аяқтауды тапсырды.

Оқи отырыңыз: Елдімекендерді газдандырудың ұлттық стандарты өзгеруі мүмкін