Жиында баспа қызметкерлерінен бөлек, әдебиет сыншылары да төбе көрсетіп, пікір бөлісті
Көрнекті жазушы, журналист Бигелді Ғабдуллиннің «Мараль» және «СИЗО» кітабы жарық көрді. Туындылардың тұсаукесер рәсімі Мәскеу төрінде өтті. Жиынға әдебиет сыншылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен баспа қызметкерлері, студенттер қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұсауы кесілген кітаптың алғашқысы – «Мараль». Автобиографиялық проза жанрында жазылған туындыда адам бойындағы қадір-қасиет, еркіндік пен шындық тақырыбы, отбасы мәселесі қозғалған. Ал әділетсіздікпен күресу, қай кезде болмасын адамгершілікті сақтап қалу – кітапта айтылған негізгі ойдың бірі. Көлемді еңбекте жазылған жазба қазақстандық басылымдардан бөлек, Ресейдің «Роман-газета» журналында басылған.
«Менің ойымша, кітап нақтылыққа негізделген. Әрі бұл біздің бүгінгі өміріміз жайлы баяндайтын философиялық ойы бар туынды. Ең бастысы әділдікке шақырады. Сол себепті, мазмұны жағынан аталмыш кітап Қазақстаннан басқа елдерде де маңызға ие болады деп ойлаймын», – деді «Роман-газета» журналының бас редакторы Юрий Козлов.
Ал басқосуда таныстырылған екінші кітаптың атауы - «СИЗО». Туындының оқиға желісінде өз ар-намысын сақтай білген, үнсіздікке қарсы тұрған журналистің ғұмыры баяндалады. Темір тордың арғы жағындағы өмір сипатталады. Еңбекті үш тілде оқуға болады. Оның ағылшын тіліндегі нұсқасы да оқырманға жол тартқан.
«Қазақстан – әдебиетке көңіл бөлген, дәстүрі қалыптасқан ел. Ұлы жазушылар шыққан мекен. Қазір қазақ әдебиетінде еуропалық сарынға ұқсас келетін жаңа бағыттың пайда болғаны байқалады. Ол – деректі жанр. Бұл сала Қазақстанда ғана емес, Ресейде де өркендеп келеді. Бигелді – осы жаңа бағыттың өкілі. Ал кітабына келсек, өте көркем тілде жазылған әрі тақырыбы ашылған», – деді «Художественная литература» баспасының бас редакторы Георгий Пряхин.
Жиында баспа қызметкерлерінен бөлек, әдебиет сыншылары да төбе көрсетіп, пікір бөлісті. Ал автор туындылардан қысқаша үзінді оқып, қолтаңбасы қойылған кітаптарды көпшілікке үлестірді.
«Презентация, тұсаукесер өткізу – қуаныш. Бұл бірінші, екіншіден, әдебиетте шекара деген жоқ. Кітабымның тұсауы Мәскеуде кесіліп жатыр. Әдебиет – бір елмен бір елді қосатын алтын көпір», – деді жазушы, журналист Бигелді Ғабдуллин.
Атап өтейік, Бигелді Ғабдуллин бұған дейін қазақстандық басылымдарда тілші, бас редактор қызметін атқарды. Әрі халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің, әдебиетші Тұрсынбек Кәкішевтің бірқатар мақалалары мен әңгімелерін орыс тіліне аударды. Оның «Өмірді түсінуге құштарлық», «Ғасырларға санамыз саяхаттап», «Тәубеге келу» сынды еңбектері де бар.
Рүстем Айткәрім, Мәскеу
Оқи отырыңыз: Ұлттық кітап күні: Абайдың сирек кітаптары көрмеге қойылды