Жұрт топырақ үйіндісінен жасалған бөгеттің тасыған өзен арнасына шыдас бермейтінін айтады
Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылының тұрғындары биыл да су тасқыны қаупі жоғары деп дабыл қағуда. Басты уайым – ауыл маңындағы қорғаныс бөгеті. Жергілікті жұрт оның топырақ үйіндісінен жасалғанын айтып, егер қар суы күрт еріп, өзен арнасы таситын болса, құрылыс шыдас бермеуі мүмкін деп алаңдап отыр. Сол үшін ауылдағы ағайын бөгетке тәуелсіз сараптама жасатып, нығайтуды талап етеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Былтыр көктемде Бескөлде өзен деңгейі екі метрден асып, ондаған үйді су шайып кеткен еді. Тасқыннан кейін ағыспен келген кейбір қиранды құрылыстар әлі күнге дейін бөгеттің маңында жатыр. Сол кезде баспанасын су басып, зардап шеккендердің бірі – Шамиль Гайнанов. Оның айтуынша, апаттың алдын алу үшін салынған бөгет жарамсыз күйде. Құрылысына, сапасына мән берілмеген дейді зейнеткер.
«Бөгет тұрғызылды, әрине. Бірақ бұл – жай ғана үйінді. Оның биіктігі екі жарым, үш метр шамасында. Басында арнайы нығайтады деген, бірақ негізінен үлкен жүк көліктері топырақ төгіп қана кетті. Оны нығыздады деп айту қиын. Меніңше, ол ағын судың күшіне шыдамайды», - деді Бескөл ауылының тұрғыны Шамиль Гайнанов.
Көршілес аудандарда қорғаныс бөгеттері бетон плиталармен бекітілген деген Бескөл жұрты жанын шүберекке түйіп, топырақ үйіндісінен жасалған құрылысқа сенуден басқа амалы қалмай отыр. Ауыл тұрғындары әсіресе бөгетке жақын орналасқан үйлер үшін алаңдайды. Себебі былтыр дәл осы аймақта су деңгейі шатырларға дейін жеткен.
«Былтырғыдай тасқын келсе, бұл бөгет құтқармайды. Мен біраз жерге дейін барып, қайттым, мына дамбылардың бәрі кішкентай. 5 метрге дейін көтерілді деп естідім, бірақ бұл 5 метр емес», «Былтырғы су тасқынынан қатты зардап шектік, үйіміз су астында қалды. Қазір де осы маңай ең төменгі аймақ болып тұр. Егер су көтерілсе, бөгет бұзылары анық», - дейді тұрғындар.
Ал әкімдік өкілдері жағдай бақылауда деп, тұрғындарды сабырға шақырды. Кызылжар ауданы әкімі орынбасарының айтуынша, бөгеттің биіктігін тағы 60 см-ге көтеріп, бекіту жұмыстарын жүргізген.
«Тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ, неге десеңіз бұл дамбы келген судан қазіргі таңда 50-60 см биік. Жоба бойынша ақша бөлінген кезде тағы 1,5 метрге көтеріледі. Қосымша бұл темір плиталармен орналастырады», - деді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Асхат Бәкеев.
Қызылжар ауданында 19 елдімекен су тасқыны қаупі бар аймақта орналасқан. Жауаптылардың мәліметінше, апаттың алдын алып, қорғану үшін жалпы ұзындығы 30 шақырымнан астам жерге топырақтан үйінділер тұрғызылып, арналар қазылған. Ал Бескөлдегі 6 шақырымдық бөгетті нығайтуға 504 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ судың ағысын күшейту үшін 29 жерде арнайы жарылыс жұмыстары жүргізілмек.
Әйкерім Пернебек, Нұргүл Алина, “Алматы” телеарнасы, СҚО
Оқи отырыңыз: Алматы облысында әйел адам қайтыс болған баланың атынан 11 млн теңге жинап алған