БҚО-да субсидия беру кезінде 12 млн-ға жуық теңге орынсыз пайдаланылған

05.03.2025 09:34

Заңды бұзу фактілері бойынша құзыретті органға тиісті қадағалау актісі енгізілді, қазір ол қаралу сатысында

Geronimo Giqueaux/unsplash.com/

Батыс Қазақстан облысында Сырым ауданы прокуратурасы субсидия беру кезінде 12 миллионға жуық теңге көлемінде бюджет қаражатын теріс пайдалану фактілерін анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 2023 жылы 11 млн 935 мың теңгеге субсидияланған 1 154 бас малдың сақталу мерзімі қамтамасыз етілмей, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерек қорынан есептен шығарылған.

Мысалы, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 2023 жылы 4 мамырда 383 асыл тұқымды ірі қараға 3 млн 830 мың теңге субсидия алып, малды бір жылдың ішінде дерек қор есебінен шығарып тастаған.

Шын мәнісінде Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы бұйрығымен бекітілген асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы ережеге сәйкес мал басының жыл бойы сақталуын (мал шығынының зоотехникалық нормасын қоспағанда) қамтамасыз ету міндеттелген.

"Малдың сақталу мерзімі бұзылуы салдарынан мемлекетке 11 млн 935 мың теңге материалдық шығын келтірілді. Заңды бұзу фактілері бойынша құзыретті органға тиісті қадағалау актісі енгізілді, қазір ол қаралу сатысында", — деп хабарлады ведомстводан.

Оқи отырыңыз: Алматының Түрксіб ауданында биыл 4 жайлы мектептің құрылысы аяқталады