«Дәстүр-салт пен әдет-ғұрпым – менің рухым» деп бар ғұмырын ұлтына арнаған белгілі этнограф Болат Бопайұлы өмірден өтті
Қазақ халқы мүйізі қарағайдай арда азаматынан айырылып қалды. «Дәстүр-салт пен әдет-ғұрпым – менің рухым» деп бар ғұмырын ұлтына арнаған белгілі этнограф Болат Бопайұлы өмірден өтті. Салт-дәстүріміз бен амал-жоралғыларымызды түгендеп, қазақ десе ішкен асын жерге қойған ғалымның еліне, өскелең ұрпаққа қалдырған асыл мұрасы мол, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қолынан қара домбырасы, аузынан ұлтының әдет-ғұрпы түспеген Болат Бопайдың өмірі күмбірлеген күйдей... Қай елде, қай жерде жүрсе де, ежеден келе жатқан салт-дәстүрімізді дәріптеп, оның қаймағын бұзбай, мән-маңызын жетік түсіндіріп жүрген белгілі этнограф кеше түнде жан тәсілім етті. Ғалымның мезгілсіз қазасы қазақтың қабырғасын қайыстырып, тарихымызды орны толмас қайғыға душар етті.
«Болат ағаның мезгілсіз кетуі – қазақ әдебиеті ғана емес, қазақ халқына үлкен ауыр қаза. Өйткені біздің ұлтымыздың дәстүр-салтын, әдет-ғұрпын, ұлт руханиятын, мәдениетін, әдебиетін, этнографиясын, тарихын жан-жақты тәпсірлеп, тамырына дейін бүлкілдетіп соқтырып айта алатын бір ғана адам болса, ол – Болат Бопай болатын. Мұндай қажырлы еңбек иесі ілеуде біреу туады. Өйткені ол – қазақ әдебиетінің үлкен алыбы – Зейнолла Қабдолов сияқты академиктің шәкірті», – деді ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан.
«Қазақ халқының қасиеті жоғалмасын, ұлттық құндылығымыз ұмыт қалмасын» деп тынымсыз еңбек еткен Болат Бопайұлы 1960 жылы Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң өлкесіндегі Алтай аймағында дүниеге келген. Сондағы Көктоғай ауданында білім алып, еңбек жолын жергілікті журналда редакторлықтан бастайды. Үздіксіз білімін толықтырып, ұстаздық етуден де жалықпаған. Кейінгі жылдары «Қазақ» радиосында, «Қазақстан» телеарнасында редактор, сценарист қызметін атқарды. Небәрі 11 жасында қолына қалам алып, тырнақ алды туындысын шағын өлеңмен бастаған ол қазақ этнографиясы тақырыбында 30-дан аса кітап жазды. «Дәл осылай еңбек ету – екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ. Бұл – менің бағым» деп, өз мұрасын мақтан тұтқан Болат Бопай қазақ руханиятының «алтын тәжі» іспеттес еді. Зиялы қауым «сол тәж құлады» дейді.
«Өте ақжарқын, білгенін аямайтын, ақыл-кеңесін үнемі айтып отыратын кісі болған. Кеше естіп, төбемнен жай түскендей болдым. Ол кісі қаншама салт-дәстүрді, ұлттық дүниелердің қалпын бұзбауына, оны ары қарай жалғастыруымызға ықпал етті. Соңғы 30 жылғы саналы ғұмырын қазақтың салт-дәстүріне, ұлттық мәдениетіне арнады», – деді этнограф Бұлбұл Кәпқызы.
Болат Бопайұлы Үрімжі қаласында оқытушы бола жүріп, мектептер мен жоғары оқу орындарына арналған оқулық жазған. Ал елге оралған соң ұлағатты ұстаз қызметін тастамай, білім мекемелерінде «Қазақ салт-дәстүрі» тақырыбында 2150 сағаттан артық лекция өткізген. Газет-журналдар мен сайттарда этнографтың мыңға жуық ғылыми мақаласы жарық көрді. Ол – Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақ ұлттық салт-дәстүр, әдет ғұрып Академиясының академигі, астролог, гүлтанушы ғалым, әдебиет сыншысы. Жан-жүрегі «қазағым» деп соққан мүйізі қарағайдай ағамыздың мол мұрасы – халқына қалдырған аманаты.