Қоршауда қалдық: Аралтөбедегі аудан барар жалғыз көпірді су шайып кетті

БҚО-дағы Аралтөбе ауылы мен аудан орталығының арасы 30 километр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қоршауда қалдық». БҚО-да Аралтөбе ауылының тұрғындары осылай дейді. Себебі елдімекен азаматтарын аудан орталығымен байланыстыратын жалғыз ғана көпірді жақында тасыған су шайып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аралтөбе ауылы мен аудан орталығының арасы 30 километр. Бірақ оның 5 шақырымы жүруге жарамсыз болып қалған. Себебі Шідерті өзеніндегі су деңгейі 2 метрге күрт көтеріліп, жаңадан салынып жатқан көпірдің жанындағы айналма жолды шайып кеткен. Бұл – ауыл тұрғындарын орталыққа, көршілес аудандарға жеткізетін жалғыз жол. Ал ағайын-туыспен байланыссыз қалған аралтөбеліктер уайымның әлі де сейілмей тұрғанын жеткізді. 

«Бүгін үшінші күн жол жоқ. Жұрт жасрынып мұз арқылы өтіп жатыр. Бірақ әкімшілік қауіпті екенін ескертіп жатыр. «Сабыр сақтаңдар» деп халыққа түсіндіріп жатыр», – деді тұрғын.

Ал мердігер ұйым өкілі істі бастауға дайын екенін айтты. Қызметкерлер де, техника да сақадай сай тұр. Десе де, мамандар ағынның бәсеңдегенін күтіп отыр.

 «Судың ағысы тоқтамаса, ешқандай жұмыс істей алмаймыз. Қазір тек дайындық жасап жатырмыз. Судың деңгейі төмендесе, жұмысты жалғастырамыз. Айналмалы мостты ретке келтіреміз, – деді «Жайыққұрылыс» ЖШС орталық құрылыс басшысы Төлеген Жантасов.

Төтенше жағдайлар департаменті өзендегі су деңгейі өткен күндермен салыстырғанда едәуір төмендегенін хабарлады. Ал аудан әкімі жағдайды бақылап отырғанын айтты. Жауаптылар орталыққа жеткізер басты жол жабылса да, тұрғындардың басқа бағытпен жүруіне мүмкіндік бар екенін жеткізді. 

 «Аралтөбе ауылдық округінде 864 тұрғын бар. Олардың барлығы Ақсай қаласы арқылы өтіп жатыр. Ауылда азық-түлік, тамақ, дәрі-дәрмек те бар. Кешекші жедел-жәрдем көлігі де қарастырылған», – деді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов.

Өзен ағыны қашан тұрақталатыны әлі белгісіз. Дегенмен жағдай жіті қадағаланып отыр. Ал әзірге ауыл тұрғындарының Наурыз мейрамында қарсаңында жақындарымен кездесуі үшін айналма жолмен жүруіне тура келеді.

Рүстем Айткәрім, Рустам Машарипов, Бекзат Габдушев, БҚО

Оқи отырыңыз: Министр тасқын суды су қоймаларына жинауды тапсырды

 

Новости партнеров