Жедел іс-қимылдар мен құтқарушылардың уақтылы көмегінің арқасында ешкім медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ
Қазақстанның көптеген аумағын қар басып, боран болды. Соның салдарынан еліміздің аймақтарында түнде көптеген төтенше жағдай болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметтеріне қарағанда, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, еліміздің әр түкпірінде мұз астынан балық аулауды ұнататындар су қоймаларына шыққан. Балықшылардың көліктері боранда жолда тұрып қалып жатты.
Бірінші жағдай Қарағанды облысы Теміртау қаласының маңындағы Самарқанд су қоймасында болды. Онда екі адам жеңіл көлігімен алға жылжи алмай, жолда қалып қойған. Екіншісі Ақмола облысы Аршалы ауданы Арнасай ауылы маңындағы Вячеслав су қоймасында болды. Онда әуесқой үш балықшы көлігімен жолда тұрып қалған. Үшіншісі Ақмола облысы Ерейментау ауданының Малтабар ауылының қасындағы Солдатское көлінде болды. Онда 4 көліктегі 6 балықшы да қар құрсауында қалған.
"Сондай-ақ бүгін түнде құтқарушылар 10 көлікті қар үйінділерінен жолдың тазартылған учаскесіне сүйреп шығарып, жақын маңдағы елді мекендерге жеткізді. Салондарында 33 жолаушы, оның ішінде 5 бала болды. Ешкім зардап шеккен жоқ", - делінген хабарламада.
Оқыс оқиғалар Қостанай облысының Жангелді, Науырзым аудандарында және Арқалық қаласының маңында, сондай-ақ Қарағанды облысының Нұра, Абай аудандарында болды.
Аталғандармен қоса, ТЖМ мамандары төтенше жағдайлар саласының ескертуіне қарамастан жолға шыққан 8 көлікті қардан сүйреп шығарды. Көліктерден 27 адамды, оның ішінде 11 баланы эвакуациялады.
Авариялық-құтқару жұмыстары Ақмола облысының Аршалы ауданында, Ұлытау облысының Ұлытау ауданында, Қарағанды облысының Теміртау қаласының және Қостанай облысының Арқалық қаласының маңында жүргізілді.
Барлық саяхатшы жақын жылыту пункттеріне жеткізілді. Жедел іс-қимылдар мен құтқарушылардың уақтылы көмегінің арқасында ешкім медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.
ТЖМ жүргізушілерге сапарға шығар алдында ауа райы болжамын бақылап, төтенше жағдайлар үшін қажетті заттарды өзімен бірге алып жүруге кеңес береді.
Оқи отырыңыз: 5 облыста республикалық маңызы бар жолда көлік қозғалысы шектелді