Бүгін – Мұқағали Мақатаевтың туған күні

abai.kz
abai.kz

Күні бүгінге дейін ақынның шығармашылығына деген қазақтың құрметі бір мысқал кеміген емес

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ поэзиясына ерекше серпіліс әкелген ақиық ақын Мұқағали (Мұхамедқали) Сүлейменұлы Мақатаевтың туғанына 94 жыл толды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы Нарынқол ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген.

Ақынның туған күні жөнінде екі түрлі ақпарат бар. Алайда құжаттар бойынша ақынның туған күні ақпанның 9-ында тойланады.

Екінші ақпарат: ақынның анасы Нағиман апа былай деген: «Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз».

Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар ақынның екінші ту­ған күніне байланысты мынадай сөз айта­ды: «Ал құжат бойынша Мұқағали 9 ақпан­да дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен».

Қазақтың лирик ақыны өз заманында лайық бағасын ала алмаса да, өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын саналады.

Ол «Социалистік Қазақстан» газетінің, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарды.

Ақын поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры – туған елі, өскен жері, замана тынысы. Оның «Қарлығашым, келдің бе?», «Дариға жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің», «Соғады жүрек», «Шолпан» және т.б. жыр жинақтары, сондай-ақ, «Қош, махаббат!» атты прозалық кітаптары бар.

Мұқағали Мақатаев – қазақ халқының шоқтығы биік ақыны. Бүгінде оның жырлары миллиондаған оқырманның жүрегіне жол тапты.

Ақынның қырық бес жылдық өмірінде аударма саласында да еңбегі зор болды. Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» атты бөлімін, Шекспирдің «Сонеттерін», Уолт Уитменнің өлеңдерін қазақ тілінде сөйлеткен ақынның кітаптары өмірден өткеннен кейін он мыңдаған данамен басылып шығып жатты.

Күні бүгінге дейін ақынның шығармашылығына деген қазақтың құрметі бір мысқал кеміген емес. Бүгін де ақынның өлеңдері мен шығармаларының, ой-толғауларының жаңа кітап болып басылып жатқаны - осыған куә.

 Дереккөз: БАҚ материалдары

Оқи отырыңыз: Қазақстандық таксист жігіт әлеуметтік фильм түсіріп, қайырымдылықпен айналысады

Новости партнеров