Өзге тілдегі мультфильмдерді үздіксіз қарау бала психологиясына қалай әсер етеді

Желілердегі қазақша контенттің аздығы мен сапаның төмендігі көп мәселеге себеп болып отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қайдасың, қазақ мультфильмі? "Мультфильм жоқ емес-ау, бар, бірақ татымдысы аз болып тұр" деп ата-аналар қынжылысын білдірді. Олар "Балаларға арналған қазақша контенттің деңгейі көтерілмей тұрғандықтан, ұл-қызымыздың өзге тілдегі бейнематериалдарды тамашалайтыны көңілімізге қаяу түсіреді" дейді. Ал оның салдары неге әкеп соғуы мүмкін? Балалар психологының пікірі қандай? AlmatyTV тілшісі жауап іздеп көрген еді.

Қазіргінің балалары теледидардан гөрі әлеуметтік желілерді, түрлі онлайн платформаларды тамашалауға бейім. Ал ондағы "Көк трактор", "Маша мен аю" сынды мультфильмдерді көріп өскен бүлдіршіндердің көпшілігі бүгінде ана тілде емес, орысша сөйлеп жүр. Солардың бірі - 8 жастағы Айару. Анасының сөзінше, бұл мәселенің туындауына желілердегі қазақша контенттің жетіспеушілігі, сапасының төмендігі, зеріктірмейтін жобалардың аздығы себеп болыпты. Оның "Қызым қазақша сөйлесе де, ойын орысша жеткізеді" деуі сондықтан. 

"Балапан" арнасын қоямыз. Қазақша контенттерді YouTube-тан қарастырдым. Бірақ өте аз екен. Аз болғанымен, олар дамымаған. Ойды толық жеткізбеген, шорқақ. Сондықтан балаларға ол контент қызық емес. Мысалы, өзі қарайтын дүниелерлдің бәрін қазақша аударып айтатын болсам, қызым түсінбей қалады. Ол соны орысша түсініп тұрғаннан кейін, қалай бар, солай жасаймыз", - дейді қала тұрғыны Перизат Сейдалиева.

Қазір қолына смартфон алған кез келген бала құрылғыны еркін пайдалана алатындай деңгейге жеткен. Өзіне қажетін, көңілге жаққанын іздеп отырып тауып алады. Ал оның арасында бүлдіршіннің жасына сай келмейтіні, теріс дүниені насихаттайтыны да кездесуі мүмкін. Осы себептің кесірінен мінез-құлқын басқара алмайтындар көбейеді екен. Сондықтан мамандар балаларға арналған контент тілдік талаптарға және эмоционалдық тепе-теңдікті қалыптастыруға да бағытталуы қажет дейді. 

"Баланың табиғаты тез қабылдайды. Біз соны пайдалана алмай жүрміз, ең өкініштісі. Ертегі айта алмайтын әжелер, аталар, апалар, аналар көбейді. Оған көп нәрсе байланысты. Қазір техника, технология өмірімізге дендеп еніп кетті. Сондықтан балаларды кітап оқуға үйрету керек. Ал кітапқұмар болу деген сол тілді меңгеру деген сөз ғой", - деді жазушы Талғат Айтбайұлы.

"Бұған көбіне отбасы ықпал етеді. Дегенмен ата-ана баланы 24 сағат мұқият бақылай алмағандықтан, көбінде түсіндірме жұмыстары қарастырылуы керек. Бірақ баланың психикасына кері әсер етіп алмау керек. Сондықтан әр жастың ерекшелігіне сәйкес бейімдей білген жөн, ол үшін қазақша контенттердің көп болғаны дұрыс", - деді психолог, психотерапевт Бақытгүл Манасова.

Иә, қазақ мультфильмінің тарихы әріде болғанымен, анимациялық туындыларды түсіру оңай шаруа емес екен. Осылай деген сала қызметкерлері 1 секундқа жетер-жетпес бейненің өзін жасау үшін 24 сурет салу қажеттігін айтады. Бірақ олар негізгі мәселе мультфильмдердің деңгейін көтеруге арналған нақты жүйе құрылғанда ғана шешілетінін жеткізді.

"Қазір тіпті ересектерге арналған мультфильмдер бар. Бірақ тілі шықпаған, мектеп жасына дейінгі балаларға контент аз. Осы олқылықтардың орнын толтырамыз деп өзімізше мақсат қойып, соны істеп жатырмыз. Қазір мысалы, жаһандануға байланысты мифтік кейіпкерлерді қайта жандандыру ойымызда бар. Болашақта кеңінен танымал болатын анимациялар жасағымыз келеді", - дейді "Қазақ анимация" шығармашылық бірлестігінің редакторы Ерлан Төлеутай.

Еске салайық, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қазақ тіліндегі мультфильмдерді дайындауға осы жылы 350 миллион теңге бөлінгенін айтқан еді. Олардың көгілдір экраннан бөлек, міндетті түрде ғаламторға, оның ішінде YouTube-қа жүктелуін қамтамасыз ететін норма да заңға енгізіліпті. Салаға көрсетілген қолдау – қазақ тіліндегі туындылардың сапасы мен санының артуына септігін тигізер деп сенеміз.

Рүстем Айткәрім, Әсем Бахытжанова, Мейрам Исабеков, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қандай мамандықтар сұранысқа ие: биыл колледждерде 150 мыңнан астам студент тегін білім алады

Новости партнеров