Бұрынғы "АрселорМиттал" зауытында ұрлық жасады деп айыпталғандардың туысы шу шығарды

20.01.2025 21:39

Сотталушыларға 3 жылдан 16 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр

Бұрынғы "АрселорМиттал" зауытында ұрлықпен айналысты деп айыпталғандардың туысы шу шығарды. Олардың айтуынша, сотқа қысым көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Сотталушы тараптың қорғаушысы "2 жылдан астам уақыт тергеу жүріп жатқан істе бір шикілік бар" дейді. Надежда Далабаеваның сөзіне сенсек, отырыста жәбірленуші тарап өз сөзінен тайып, бүкіл айғақты жоққа шығарған екен. Бірақ сонда да тергеушілер 16 эпизод бойынша іс қозғап, тексеруді тоқтатпапты. Сотталушыларға 3 жылдан 16 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр.  

"Бұл жерде айта кететіні, айыптау актісінде сотталушылар қылмыстық жоспар құрып, әрқайсына тапсырма берілген деп жазылыпты. Алайда сот процесіне қатысқан барлық адам мұндайды жоққа шығарып отыр. Тек тергеуші ғана өз райынан қайтпайды. Куәгерлер сотталушылардың пайдасына куәлік еткенін де айта кетейін", - деді адвокат Надежда Далабаева.

"Біз әділдікті қалаймыз. Бәрі заң аясында шешілсе екен. Мұндағы сотталушыларға 15-16 жылдан сұрап отыр. Бұл өте ауыр жаза. Себебі, кәмелетке толмаған баламыз бар. Ол туғаннан әкесін көрген жоқ. Қызымыз жақында 2 жасқа толады. Әкесінің кім екенін білмейді", - деді сотталушының жұбайы Әйгерім Балтина.

Оқи отырыңыз: Шаруалар жанайқайы: Қарағанды облысында мал індетінен 300-ден астам жылқы қырылған