Екі миллион төледім: ҰБТ-ға дайындайтын орталық жұмысын тергеу басталды

25.02.2025 20:08

Атыраудағы жекеменшік лицей басшысы ата-аналардан миллиондап ақша алып, артынша орталықты жауып тастаған. Әу баста балаларды ҰБТ-ға дайындап, шет тілдерін тереңдете оқытамыз деген ол қазір нақты жауап беруден жалтарып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ала таңмен мектептің алдына жиналған отыздан аса ата-ана жекеменшік мектепке төлеген ақшаны қайтара алмай әлек. Әу баста әлеуметтік желідегі жарнамаға сенгендер «бар жиған-тергенімізді балаларымыздың біліміне салдық» деп отыр. Алғашында бәрі ойдағыдай болған, бірақ көп ұзамай оқушылардың оқу үлгерімі нашарлап, сабақ та дұрыс өтпепті. Ал жиналғандардың алды орталықтың есеп-шотына 700 мың, 1 млн теңге алдын ала ақша аударған.

"Қаңтардан бастап білдік, балаларымыздың сабақ оқымай жүр екен. Бес, алты мұғалім жұмыстан шығып кеткен. Балалар үйге келгенде сабақ болмағаныны айтты. Ата-аналар жиналып келсек, адам жоқ, басшысы да болмады", – деді ата-ана Назира Ерсайын.

Аузы күйгендердің бірі – Қайрат Әленов. "Екі ұлым сапалы білім алсын" деген ол орталыққа 2 миллион теңге төлеген. Бірақ жеме-жемге келгенде керісінше, балалардың білімі нашарлап, сабаққа деген құлшынысы төмендеген. 

"Қыркүйектен бастап оқыттым, маусымда 1 млн теңге, ал тамызда 1 млн теңге төледім. Қазанда операторлар «балаларға ақшаны қазір тқлесеңіз, 700 мың жеңілдік бар» телефон соға бастады. Ақшаны қайтарсын. Соңғы кездері сабаққа барды дегені болмаса, балалар білім алған жоқ", – деді ата-ана Қайрат Әленов.

2024 жылдың қыркүйегінде ашылған жекеменшік мектеп әуелде 200-ден аса баланы қабылдаған. Бірақ білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті кәсіпкердің о бастан лицензиясыз жұмыс істеп келгенін растап отыр. Тіпті орталық басшысы бұған дейін бірнеше рет заң бұзғаны үшін айыппұл арқалаған. Қазір оқу орнының жұмысы тоқтады.

"Мемлекеттік лицензиясы болмай оқу орталығымен айналысуға болмайды. Заң бойынша көрсетілген. Бұл мектеп бір рет болсын лицензияға өтініш берген жоқ. Біздің департамент лицензиясыз жұмыс істеп жатқанын анықтап, іс материалдарын жинақтап, мамандандырылған әкімшілік сотына жолдады. Мектеппен жасалған шартқа сәйкес ата-аналар Азаматтық кодекске сәйкес, сотқа жүгіне алады", – деді Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек Таишев.

Арыз-шағымы күн санап артқан ата-аналар құзырлы органдарға жүгініп үлгерді. Қазір жергілікті полиция алаяқтық бабы бойынша істі тергеп жатыр.

"Аталған дерек бойынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі, 3- тармағы, яғни алаяқтық бабымен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды", – деді Атырау облыстық ПД аға инспекторы Дина Мақсотова.

Жұрт шағым айтқан оқу орнының өкілі бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беруден бас тартты. Бірақ жолдаған жазбаша жауабында ата-аналардың ақшасын толығымен қайтарамын деп уәде берген. Ал ата-аналар құрғақ сөзге құлақ аспайтынын айтып, заң аясында жауап беруін талап етіп отыр.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Қостанай балабақшаларында тамақ қымбаттады - аналар наразылық білдірді