Экологиялық бекет: Алматыда көлік жүргізушілеріне 500 миллион теңге айыппұл салынған

26.02.2025 19:59

Ел бойынша көліктердің экологиялық сапасы 6 стандарт бойынша есептеледі

Алматыдағы экологиялық бекеттерде көлік жүргізушілеріне 582 миллион теңге айыппұл салынған. Бұл былтырғы көрсеткіш. Ал улы газдың бөлінуін нормадан асырғандарға 31 мыңнан аса әкімшілік хаттама толтырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мегаполис тұрғыны Наиль Шаманов 2005 жылғы Хьюндай маркілі көлігін бірнеше жылдан бері пайдаланып келеді. Оның айтуынша, ескі көлігі бірде-бір рет нормадан аспаған. Өйткені ол ай сайын тексеруден өтіп, тиісті күтім жасаудан тайынбайды.

"Көлігімнің ескі екенін айтып, неге басқа көліктерге ұқсамайды деп сұрайды.  Әр 5 мың шақырым сайын майын ауыстырып, міндетті техникалық тексерістен өткізіп тұрамын. Құдай сақтасын, бір жерден май ағып, бірдеңе тырс ете қалса, бірден жөндеуге апарамын. Оның үстіне, көлік ескі болғанымен, 5-7 жыл мінгім келеді, өйткені бұл – сирек кездесетін көлік", – деді қала тұрғыны Наиль Шаманов.

Машиналардың экологиялық сапасын бақылау үшін өлшегіш зонт пайдаланылады. Ол көліктен бөлінетін көмір қышқыл газын есептейді. Ал дерек компьютер бетіне бірден түседі.

Ел бойынша көліктердің экологиялық сапасы 6 стандарт бойынша есептеледі.

Көліктерден бөлінетін көміртегі оксиді, бензол сынды зиянды қылдықтар ауаға тарап, атмосфераны ластайтыны мәлім. Мамандардың мәліметінше, егер шаһарда экологиялық талапты бұзатын 70-80 мың көлік болса, оның өзі бүкіл мегаполис автопаркінен шығатын қалдықтардың мөлшеріне тең. Бүгінде қалада 19 экобекет жұмыс істейді. Оның әрқайсысы күніне 70-ке жуық автокөлікті тексереді. Мамандардың айтуынша, тексерілген автомобильдердің 35 пайызынан улы газ шектен тыс бөлінеді.

"Әкімшілік хаттама 334-баптың 1-бөлігі бойынша толтырылады. Егер жүргізуші қайтадан ереже бұзса, 334-баптың 2-бөлігіне сәйкес мемлекеттік нөмірі тәркіленеді. Көлік ақауы жойылғанша пайдалануға тыйым салынады. Әртүрлі машиналарды тоқтатамыз. Бұл көліктің жылы мен маркасына байланысты емес. Кез келген көлікті тоқтатып, улы газдарының деңгейін тексереміз", – деді Патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Абзал Ахметбай.

2021 жылдан бері Алматы қаласындағы экологиялық бекеттердің бақылауына сәйкес, белгіленген талаптарға сай келмейтін автокөліктердің үлесі 25%-дан 17%-ға дейін төмендеген.

"Көліктің шыққан жылы мен шыққан жерін есепке ала отырып, оның экологиялық классын анықтаймыз. Көп компонентті газ анализаторларымен жұмыс істеу әдісі қолданамыз. Ол орташа экологиялық көрсеткішін көрсетіп, өлшеу протоколын шығарып береді. Көмір тотығы ол көзге көрінбейтін иісі жоқ, бірақ ең улы газдардың бірі болып есептеледі", – деді Экологиялық зертхананың аға эколог-операторы Әбдіхамит Аманқұл.

Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов автокөліктердің экологиялық талаптарға сәйкестігін бақылап, токсикалық газдарды өлшейтін EDAR OPUS спектрометриялық сенсорларын қолдану мәселесінің қарастырылып жатқанын мәлімдеген. Аталған жүйе көліктердің экологиялық деңгейін белгілеп, олардың қоршаған ортаға кері әсерін азайтуға ықпал етеді.

Әйкерім Пернебек, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Алматы облысында қайғылы жол апатынан 4 адам қаза тапты