Елдегі үкіметтік емес ұйымдар қандай жобаларды іске асыруда

Елімізде  22 227 белсенді жұмыс істейтін ұйым бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін – Дүниежүзінде үкіметтік емес ұйымдар күні. Ал елімізде 2008 жылдан бастап мұндай одақтар шамамен 2,5 есеге артты. Былтыр белсенді жұмыс істейтін ұйымдардың саны 22 227 болған. Олар жыл сайын 2 мыңнан астам әлеуметтік жобаны іске асырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бас қаланың тұрғыны Айша Қасымова қызын 4 жыл бұрын «Замандас» клубына алып келген. 10 жастағы Мелиса өте белсенді. Жеткіншек орталықта шахмат, вокал, арт-терапия мен ағылшын тілі үйірмелеріне қатысады. Қызын үнемі жетектеп жүретін Айшаға да бұл ортадан орын табылған. Оны былтыр клубтың басшысы жұмыс істеуге шақырыпты. Ол қазір балаларға ағылшын тілінен сабақ береді.

 «Замандасқа» ойламаған жерден келдік. Қызым ол кезде 6 жаста болатын. Осы маңайдан өтіп бара жатып, бас сұққанбыз. Жақсы қарсы алды. Қандай құжат жинау керек екенін айтып, жөн сілтеді. Одан бері де біраз уақыт өтті. Қызым бірнеше үйірмеге қатысады. Өзім де осы жерде сабақ беремін», – деді ата-ана Айша Қасымова.  

Ернат Жүсіпбаев 2019 жылдан бастап орталықтың спорт үйірмесіне қатысады. Алғашқыда клуб туралы досынан естіген. Қазір екеуі бірге жаттығады. 5 жылда біраз жетістікке жеткен студент өзінен кейінгі екі бауырын да алып келіпті. Болашақта ол жаттығу залын ашып, қоян-қолтық ұрыстан чемпиондар дайындауды армандайды.

«Замандас» клубына алғыс айтамын. Өйткені, мен осында жүріп қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері, екі дүркін Қазақстан чемпионы және әлем чемпионатының жүлдегері болдым. Бұл орталықта не ұнайтынын түсіндім және қолдау таптым. Шынымды айтсам, бұған дейін немен айналысатынымды білмедім», – деді студент Ернат Жүсіпбаев.

Елордада «Замандас» отбасылық аула клубының 7 филиалы бар. Жастар коворкингінің мақсаты – халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды, жасөспірімдер мен жаңа буынның қабілетін дамытып, шығармашылық әлеуетін, көшбасшылық қасиетін арттыру. Бүгінде орталыққа үш жарым мың бала барады. Олар 20-дан астам үйірмеге тегін қатысады. Мұнда спорттық, шығармашылық секциялар, тіл үйрететін курстар бар. Бұл жерде балалар жаңа достар тауып, қызықты іс-шараларға қатыса алады. Клуб басшылығы балалардың ата-аналарына да барынша қолдау көрсетіп келеді.

«Біз халықаралық ұйымдармен бірге әйелдерді қолдайтын жобалар да жасадық. Балалар мен әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылық, буллингке қатысты нұсқаулықтарымыз бар. Одан бөлек, жасөспірімдерге арналған клубтарымызда психологтар жұмыс істейді. Ол жерге балалар ата-аналарымен бірге келіп, алаңдатқан мәселе бойынша кеңес алады», – деді «Замандас 21» қоғамдық қорының басшысы Ләззат Алшынова.

Елімізде «Замандас» сияқты 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар. Олар елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге ат салысып, түрлі бағытта жұмыс істейді. Осындай одақтарды қолдап жүрген Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева «ауылдық жерлердегі ұйымдарға жағдай жасап, санын арттыру керек» деп санайды. Өйткені, үкіметтік емес ұйымдар көбейген сайын, қоғамдағы белсенділік те артады.

 «Біздің көтеріп отырған мәселе – ауылда үкіметтік емес ұйымдарға жағдай жасау. Сол үшін өңірдегі әріптестерге «ауылдағы орталық ашуды армандап жүрген жандарға көмектесесіңдер» деп  айтып жатырмыз. Қазір жұмыс істеп жатқандары да бар», – деді  «Қазақстанның Азаматтық Альянсының» президенті Бану Нұрғазиева.

Бану Нұрғазиеваның сөзінше, үкіметтік емес ұйымдардың 14 бағыты әлеуметтік және мемлекеттік тапсырыстар арқылы мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Ал кейбір одақтар халықаралық грант алады.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда жасөспірімдер арасындағы қылмыс 9 пайызға азайған

Новости партнеров