Елімізде тұрғын үйді жалға алу құны 10 пайыз өсті

13.03.2025 20:27

Елімізде баспананы жалға алу бағасы қымбаттауын тоқтатар емес. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, соңғы бір жылда өсім 10 пайызға жеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақта «өз үйім – өлең, төсегім» деген мақал бар ғой. Елімізде қоныс тойға жете алмай, баспана деп бас қатырып жүрген жандар жетерлік. Қазақстанда 20 миллионнан аса халық болса, соның 2 миллионнан астамы үйді жалға алуға мәжбүр. Бұл – Мәжілісте айтылған мәлімет. Алайда риелторлар мен жеке агенттіктер мұндай азаматтар қатары әлдеқайда көп екенінен дәйек келтіреді. Ал Ұлттық статистика бюросының дерегінше, тұрғын үйді жалға алу құны былтыр күзде 7-8 пайызға көтерілген. Бірақ биыл қаңтарда бірден 10 пайызға дейін өсіпті. Қазір республика бойынша тұрғын үйдің бір шаршы метрі  4,5 теңгенің төңірегінде есептеліп отыр. Ал былтыр көрсеткіш 3,5 мың теңгенің айналасында еді. Бұл дегеніміз, бір отбасы 50 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерде уақытша тұруы үшін орта есеппен 226 мың теңгеден аса қаражат төлеуі қажет. Ал 70 шаршы метрдей кеңірек баспананы жалдау ақысы 317 мың теңгеден басталады. Алайда бұл сомаға коммуналдық қызметтер, интернет пен басқа да төлемдер кірмейді. Бағаның осылай бұлқынып кетуі – қазақстандықтардың қалтасына салмақ салғаны жасырын емес. Бұл әсіресе, үлкен мегаполисте тұратын және айлық табысы төмен отбасылар үшін тиімсіз. Сарапшылар «жалға алу құнының шарықтауына коммуналдық қызмет тарифтерінің көтерілуі, азаматтардың қалаға көп қоныстануы, сұраныстың артуы себеп» дейді. Ал доллардың құбылуы жағдайды ушықтырып жіберген. Мұның бәрін жалға берушілер жалау еткен секілді. Десе де, баспанаға қол жеткізе алмай жүргендерге мемлекет тарапынан қолдау болғанын айта кеткен жөн. Бірнеше жыл бұрын елімізде еңбек жолын енді бастаған, пәтер алуға жағдайы жоқ жас мамандарға жәрдемдесу мақсатында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Нәтижесінде 10 мыңнан аса жас пәтерді арзан бағада жалдап, жеке баспанасына қаражат жинаған. Ал кейін оларға жеңілдетілген несие арқылы ипотекаға үй алуына жағдай жасалды.

 «Ай сайын 1 бөлмелі пәтер алғандар осы уақытқа дейін 5–7 мың теңге аралығында төлем жасады. 2 бөлмелі алғандар 12 мың теңгеден төлем жасады. Кейбіреулері 5 жыл тұрды, кейбір азаматтар 3 жыл тұрды. Мысалы, қазір 1 бөлмелі пәтерді жалдаса, орта есеппен 200 мың теңге кетеді. Ал сол ақшаны пәтерді жалға беретін адамға төлегенше, өзіне жинайды. Сол кезде 3 жылдың ішінде көп көрім, ең аз шаршы метрлі 1 бөлмелі пәтер болсын, 20 пайыз ақшасын жинауға керемет көмек болады», – деді  жылжымайтын мүлік саласының сарапшысы Мәдина Болатханқызы.

Қымбатшылық еліміздің ірі қалаларында байқалып отыр. Елордада биыл жалға беру бағасы былтырдың қаңтарымен салыстырғанда 30,1 пайызға шарықтаған. Қазір онда екі бөлмелі пәтерде уақытша тұру құны 250 мың мен 300 мың теңгенің аралығында. Бұл шаһар тұрғындарының орташа айлығы 604,1 мың теңге десек, олар табысының жартысын сол қарапайым баспанаға беруге мәжбүр. Көшті бастап тұрған екінші қала – Алматы. Мегаполисте жөндеуді қажет етпейтін екі бөлмелі баспананы 350 мың теңге шамасында жалдауға болады. Бұл ретте, алматылықтардың орташа табысы 540 мың теңгенің төңірегінде десек, ішіп-жем мен жүріп-тұруға 190 мың теңге ғана қалады. Сондай-ақ бұл тізімге Талдықорған, Қарағанды мен Шымкент шаһарлары да еніп отыр. Ал ең арзан жалға алу құны Таразда тіркелген. Онда пәтердің бір шаршы метрі 2 200 теңге, орташа табыс 280 мыңға жуық. Тараздықтар айлығының тек 30 пайызын баспананы жалға алуға жұмсайды. Сондай-ақ Түркістан, Ақтөбе, Павлодар, Атырау және Ақтауда да аса қымбатшылық байқалмайды. Бірақ аталған қалаларда жалдайтын пәтер табу қиынға соғады. Бұл мәселеден әрине, биліктің хабары бар. Жағдайды реттеу үшін депутаттар жалға берушілердің бірыңғай тізімін жасақтауды және пәтерді жалға алудың шекті бағасын бекітуді ұсынды. Халық қалаулылары «ашықтықты қамтамасыз етіп, бағаның себепсіз бұлқынуына жол бермейді» дейді. Десе де, тұрғын үй нарығындағы жағдайдың қалай өзгеретінін уақыт көрсетеді. Әзірге белгілісі – баға тағы шарықтамаса, құлдырамайтыны анық.

Оқи отырыңыз: Сұрақ-жауап: Бостандық ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі