Сұрақ-жауап: Бостандық ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

Биыл ауданда 4 мың орынға шақталған 2 жайлы мектептің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Серкебаев даңғылы мен Левитан көшесінің қиылысында салынып жатқан емхананың құрылысы биыл қараша айында аяқталады. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бостандық ауданында жаңалық көп. Әсіресе білім саласында. Биыл ауданда 4 мың орынға шақталған 2 жайлы мектептің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Оның бірі – Розыбақиев, екіншісі – Егізбаев көшесінің бойында орналасқан. Шаһар басшысы Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуінде балабақшаларда да жөндеу жұмысы қарқынды жүріп жатқанын айтып, қайта салынған оқушылар үйіне қатысты сөз қозғады.   

 «Балаларымызды қосымша оқыту, дамытуға қолайлы жағдай жасау үшін Вахтангов көшесіндегі 1964 жылы салынған оқушылар үйінің ескі ғимаратын бұзу туралы шешім қабылданған. Оның орнына заманауи стандарттарға сәйкес келетін жаңа ғимарат салынды. Жобаның құны 4,4 млрд теңге. Сәуірде ашылады», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Жиында «Атакент» аумағын жаңғырту жобасы қолға алынғаны оған бюджеттен 11,7 миллиард теңге бөлінгені айтылды. Сонымен қатар басқосуда Республика алаңындағы субұрқақтың күрделі жөндеуден өткізілетіні хабарланды. Жұмысты 2025 жылы мамырда бастау көзделген.  Ал әкім есебінен соң, аудан тұрғындары кезекке тұрып, мазалаған мәселелерінің шешімін сұрады.

«Ағаштарды кесуге байланысты жұмыстарды тездете аламыз ба? Себебі, ұзаққа созылып кетті. Апат болмай тұрып реттелсе жақсы болар еді», – деді қала тұрғыны.

«Ағаштарды кесу мәселесі өте өзекті болып тұр. Оған қатысты тұрғындар тарапынан да көп сұрақ туындайды. Кейбірі қолдаса, енді бірі қарсы шығады. Сондықтан шешім қабылдамас бұрын барлығын егжей-тегжейлі зерттейміз. Ал жаңа ережеде барлығы ескерілді. Ең бірінші кезекте өткен жылдан бері түскен өтініштер қарастырылады. Жер кепкен бойда жұмыстар басталады. Мәселеңіз наурыздың соңына дейін шешіледі», – деді қала әкімі.

Кездесуде электр және су желісіне, көгалдандыру мен көлік жолына қатысты да мәселелер талданды. Алматылықтар толғандырған бірнеше сауалдың жауабын тапты. Соның бірі Еременсай ықшамауданындағы қоғамдық көлікке байланысты болды. Тұрғындар автобустардың ауданның жоғары бөлігіне қарай көтерілмейтінін айтып, оқушылардың жайлы қозғалысы үшін қосымша құрам қосуды сұрады. Ал қала әкімі болса, мәселенің мамыр айына дейін шешілетінін жеткізді.

Басқосуда шаһар басшысы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы да сәтті жүзеге асып жатқанын сөз етті. Ал биыл ауданда 26 жоба қолға алынбақ. Бостандық – қаладағы бизнесті дамытуға, инвестиция тартуға едәуір үлес қосатын аудан. Мәселен былтыр сырттан тартылған қаражат көлемі 8 пайызға өскен. Қаладағы әрбір 5-шағын және орта бизнес субъектісі де дәл осы ауданда орналасқан.

Рүстем Айткәрім, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Бостандық ауданының бюджеті биыл 1 млрд теңгеге ұлғайды

Новости партнеров