Олардың саны 90-шы жылдардағы ең төменгі деңгейден екі есеге артты
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру – әлемдік қауымдастық тарапынан био әртүрлілікті сақтаудың ең тиімді кешенді шарасы болып танылды. Тәуелсіздік жылдары Республикадағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейту және құру жұмыстары нәтижесінде олардың алаңы 869 мың га-дан 30,9 млн га дейін ұлғайды. Елімізде био әртүрлілікті сақтап қалу бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде сирек кездесетін жабайы жануарлар популяциясы айтарлықтай өсті. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев ОКҚ брифингінде осылай деді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Оның айтуынша, елімізде қар барысының санын қайта қалпына келтіру бойынша бірқатар кешенді шара қабылданды, олардың негізгі тіршілік ету учаскелерінде 3,6 млн га аумағында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылды, қазіргі кезде қар барысы мекендейтін жерлердің 70%-ға жуығы ерекше қорғалатын аумақтармен қорғалған.
«Есепке алу және мониторинг жүргізудің заманауи әдістері, фототұзақтар мен спутниктік телеметрия белсенді қолданылады. 11 барыс спутниктік арнайы мойын қарғыбауымен таңбаланды. Қар барыстарын қорғау және мониторинг жүргізу бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде, олардың саны 90-шы жылдардағы ең төменгі деңгейден екі есеге артып, 180 басқа дейін жетті», – деді спикер.
2024 жылы Тұран жолбарысы мен Пржевальский жылқысын тарихи мекенінде қалпына келтіру бойынша екі үлкен жоба жүзеге асырыла бастады. Жолбарыстарды тарихи мекеніне қайта жерсіндіру жөніндегі бағдарламаны іске асыру аясында Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Жолбарыстың табиғи азық қорын қайта қалпына келтіру үшін резерваттың аумағына 205 бас тоғай бұғысы әкелінді, 100-ден астам құланды қоныс аудару жұмыстары жүргізілді, еліктер мен қабандар популяциясы көбейтілді. Өткен жылы күзде Іле-Балқаш резерватына арнайы торлы қоршауда өсіру үшін Нидерландтан 2 жолбарыс әкелінді. Ресей Федерациясынан 3-4 жолбарысты алып келмекпіз.
«Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру жұмыстары жалғасуда. Бұрын бұл жылқылар еліміздің 9 облысын мекен еткен. Пржевальский жылқысы әлемдік жабайы табиғаттан 1960 жылдардың соңына қарай жойылып кеткен болатын. Министрліктің халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығының арқасында Қостанай облысындағы «Алтын Дала» резерватына Прага хайуанаттар бағынан 7 бас Пржевальский жылқысы әкелінді», – деді ведомство өкілі.
Жалпы, 2029 жылға дейін 40 бас жылқы әкелу жоспарланып отыр.
Оқи отырыңыз: Екібастұзда 140 ұпай жинаған түлекке бес миллион теңге берілмек