Иреклі су қоймасынан келетін судың деңгейі жоғары
Атырау облысын су басуы мүмкін. Ал апаттың алдын алу үшін Жайықтың гидрологиялық режимін жақсарту қажет. Себебі Иреклі су қоймасынан келетін судың деңгейі жоғары. Қазір жергілікті билік Орынбор облысымен тасқынды болдырмау үшін екіжақты шара қабылдап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Былтырғы қарғын су елдің есінде. Табиғи апат тосыннан. Қауіп биыл да бар. Өйткені іргедегі Иреклі су қоймасынан келетін су көлемі жоғары. Сол себепті жергілікті билік ерте қамданып, екі жақты талдау жұмыстарын бастаған. Қазір өңірдегі барлық қауіпті аймақ белгіленіп, жағаны бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Әсіресе Жайық өзенінің гидрологиялық режимін жақсартуға басымдық берілген.
«Жайық өзенінің гидрологиялық режимін жақсартуға байланысты мәселелерді де қозғап отырмыз. Сондықтан ерте қам жасап, алдын алуды күшейтуіміз керек. Орал өзенінің мәселесі еліміз үшін де, облыс үшінде маңызды. Бұл кездесу бірлескен шаралар мен жобаны іске асыруға негіз болады деп үміттенемін», – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Ал көрші ел Атырау өңірін қолдауға дайын. Қазір қос тарап екіжақты әріптестікті нығайтып, апаттың алдын алуға жан-жақты кіріскен. Қос тарап бар жұмысты бірлесе атқаруға сақадай сай.
Осы тұста айта кетейік, су қоймасынан келетін судың деңгейі айдың соңына қарай жіберілуі мүмкін деген де болжам бар.
«10 наурыздан бастап жіберілетін су деңгейі секундына 201 текше метр болып белгіленген. 27 наурызға дейін су қоймасында 1,2 млрд текше метр босайды. Су тасуы кезінде 0,9-дан 1,5 млрд текше метрге дейін су келуі мүмкін, бұл өр суының қауіпсіз өтуіне мүмкіндік береді және максималды деңгейде су жіберудің қажеттілігі туындамайды», – деді Орынбор гидрометерология орталығының басшысы Василий Мещерин.
Тасқынның алдын алуға биыл да қомақты қаржы бөлінді. Бұл мақсатта 796 млн теңге қарастырылған. Қосымша аудандық резервтен тағы 79 млн теңге бағытталған.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында өзге елдің 4 азаматы заңсыз жұмыс істеп жүрген жерінен ұсталды