Бір әулеттің төрт ұлы бір салада еңбек етіп, кәсіби шеберлігін шыңдап келеді
Алматыда бір әулеттің төрт ұлы бір салада еңбек етіп, кәсіби шеберлігін шыңдап келеді. Олар мегаполистің 2 миллион тұрғынын таза ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуді өмірлік миссияға айналдырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматының тіршілік тамыры – су жүйесі. Күн сайын миллиондаған тұрғын краннан мөлдір су ағызғанда, оның артында үздіксіз еңбек ететін мамандардың барын аңғара бермейді. Солардың қатарында – «Алматы Су» мекемесіне қарасты Жетісу аудандық пайдалану учаскесінде жұмыс істейтін ағайынды төрттік бар. Бұл қарапайым еңбек адамдарының династиясы. Таң атқаннан құбырларды тексеріп, су желілерін қалпына келтіретін олар үшін әр тамшы – жауапкершілік.
«Үш інім бар. Жетісу ауданына ауысып келдім. Сағат 7:30-да осы жерге келеміз. Әр көшеде су жарылса, жасаймыз. Қазу керек болса, қазамыз, – деді экскаватор машинисі Мақсат Сатыбалдиев.
«Алматы Су» мекемесіне алғаш болып төрт ағайындының үлкені жұмысқа орналасыпты. Ол экскаватор-машинист мамандығын игеріп, өз ісіне адалдығы мен кәсіби біліктілігінің арқасында 15 жыл бойы осы салада қызмет атқарып келеді. Інілері де ағасының ізін жалғап, су мекемесінде слесарь және дәнекерлеуші ретінде жұмысқа орналасқан. Әріптестері ағайынды жігіттердің бір ұжымда жұмыс істеуін жауапкершілік пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісі деп бағалайды.
«Жігіттерді өте жақсы білеміз, танимыз. Бір-біріне қарайласып, жұмыстарын өте жақсы атқара біледі. Бір-біріне көмек көрсетеді, – деді Жетісу ауданы Су құбырлары желісі департаменті пайдалану учаскесінің бастығы Бауыржан Сүгірбеков.
Сатыбалдиевтер әулеті – еңбекқорлығы мен кәсібіне адалдығы арқылы үлгі болатын жанұя. Аға буын бұл дәстүрдің жалғасып, әулеттен тағы бірнеше маман шығатынына сенімді.
Мәди Мәлік, Ернат Болатбек