Еңбек адамы: студент Данияда өтетін чемпионатқа жолдама алды

Алматбек замандастарымен бірге кафельден арнайы ескерткіш тақта әзірлеп жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

WorldSkills  Kazakhstan жобасында қызылордалық студенттің жеңіске жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

«Құрылыс индустриясының қарқын алуы қуатты жастардың қолында». Бұл – WorldSkills  Kazakhstan жобасында топ жарған Алматбек Амангелдиевтің пайымы. Құрыш қолды құрылысшы болуды мұрат еткен ол Абылайхан атындағы жоғары колледждің 4-курсында білім алады. Талабы таудай студентті жұмысқа қабылдауға асық компаниялар аз емес. Шаруаға ширақ, ісіне ұқыпты ол білім бәйгесінде де озат.

 «Байқауға 2022 жылы құрғақ құрылыс құзіреттілігі бойынша қатыстым. Ол кезде екінші орын алдым. 2024 жылы «плиткамен қаптау» құзіреттілігі бойынша жарысқа қатысып бірінші орын алдым.  Осылайша, ұлттық құрама сапына алындым», – деді студент Алматбек Амангелдиев.

Жуырда Алматбек EUROSkills жобасының іріктеуіне қатысып, Дания мемлекетінде өтетін чемпионатқа жолдама алды. Қазір қызу дайындық үстінде. Жігерлі жастың жетекшісінің айтуынша, соңғы жылдары жұмысшы мамандарға сұраныс артқан. Оның айтуынша, оқу ордасын бітірген түлектердің 70 пайыздан астамы жұмысқа орналасқан.

 «Біздің колледжде 150-ге жуық білім алушы аталған мамандық бойынша білім алады. Оның ішінде құрылыс әрлеу жұмыстарының шебері, кең бейінді құрылыс шебері және техник-құрылысшы. Құрылыс мамандығы бойынша ондаған кәсіпорындармен арнайы келісімшартымыз бар. Дуальді оқыту бойынша студенттер сол жаққа барып тәжірибесін ұштайды», – деді арнайы пән оқытушысы Айбек Кішкенеев.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Алматбек замандастарымен бірге кафельден арнайы ескерткіш тақта әзірлеп жатыр. Алдағы күндері оның бұл жұмысы көпшіліктің назарына ұсынылмақ. Қызылорда облысында жұмысшы және орта буын кадрларын даярлайтын 28 колледж бар. Ондағы 20 мыңға жуық студенттің 7 мыңнан астамы жұмысшы мамандығы бойынша білім алып жатыр.

Асқар Сәрсенұлы, Т.Әділбекұлы, Қызылорда облысынан

Оқи отырыңыз: Биыл шаруаларға 700 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген несие бөлінді

Новости партнеров