Сексеуілдегі локомотив пайдалану депосы – кенттегі негізгі жұмыс көзі
Машинистер мекені. Сыр өңіріндегі Сексеуіл кентінде машинист мамандығын меңгерген 130-дан аса адам бар. Олардың алды 40 жылға жуық тепловоз тізгіндеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сексеуіл кенті – тоғыз жолдың торабында орналасқан. Мұнда шойынжолда шыңдалған шебер көп. Солардың бірі – Қожахмет Мұқанұлы. Ол әрбір 16 сағат сайын жұмысқа шығады. Салмағы 150 тонналық тепловозды тізгіндеудің де машақаты мол. Кейіпкердің әкесі де осы салада жемісті қызмет атқарған. Майталман маман да әке ізімен жауапты жұмысты соңғы 40 жылда мінсіз атқарып келеді.
«Жолдағы жауапкершіліктің жүгі ауыр. Алдыңнан кейде адам, мал шығып қалады. Техника болғасын бұзылады. Оны қайтадан жөндеу қажет. Пойызды аман-есен әкелу керек. Сауатты болған жөн», – деді машинист Қожахмет Құтпанов.
Қожахмет Құтпанов ең әуелі машинистің көмекшісі болды, кейін тепловоз тізгініне отырды. Ал қазір бірінші санатты машинист. Жүйткіген пойыздың қыр-сырына қанып, мамандығын мықтап меңгерген ол «кейінгі жылдары тепловоздар техникалық тұрғыдан едәуір жетілген» дейді.
«Бұрын жолаушылар пойызында жылдамдық 100 км/сағ болса, қазір «Тұлпар-Тальгода» 140 км/сағат болды. Жолаушылар пойызының уақыты қысқарды. Көлікке қарағанда тепловоз тізгіндеген оңай, 40 жылдан бері әбден қанға сіңіп кеткен», – деді Қожахмет Құтпанов.
Сексеуілдегі локомотив пайдалану депосы – кенттегі негізгі жұмыс көзі. Қазір мұнда 380-дей адам жұмы істейді. Олардың арасында 135 машинист бар.
«Қожахмет Құтпанов – жолаушыларды аман-есен діттеген жеріне жеткізетін, өз ісінің шебері. Артындағы өскелең ұрпаққа білімін, тәжірибесін үйретуден жалыққан емес», – деді «Сексеуіл» локомотив пайдалану депосы бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары Еркебұлан Аяғанов.
Мәртебелі маман бүгінде кейінгі буынның ақылшысына айналған. Жиған тәжірибесін үнемі жастармен бөлісіп отырады. «Темір жол – өмір жолым» деп білетін маманның бейнетінің зейнетін көретін күні де алыс емес.
Асқар Сәрсенұлы, Қуаныш Биғалиұлы, Қызылорда облысынан
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй кезегі: Алматыда 7 мыңнан астам пәтер беріледі