Ертіс-Баян өңірінде жол-көлік апатынан 13 адам қаза тапқан

09.04.2025 09:45

Полиция белгіленген қозғалыс жылдамдығынан асып көлік жүргізген 25 763 құқық бұзушының жолын кесті

Lucian Alexe/unsplash.com/

Жыл басынан Павлодар облысының аумағында 234 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 13 адам мерт болса, 323 адам жарақат алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Павлодар облысының тасжолдарында қайғылы жағдаймен аяқталған көлік апаттары азаймай тұр. 

"Жыл басынан бері Ертіс-Баян өңірінде 234 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 13 адам ажал құшты. Тағы 323 адам жарақат алды. Полиция белгіленген қозғалыс жылдамдығынан асып көлік жүргізген 25 763 құқық бұзушының жолын кесті",- деп хабарлады Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Тәртіп сақшылары жол жүру ережелері мен жылдамдық режимін бұзу жол қозғалысының барлық қатысушы үшін қайғылы салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді.

"Жүргізушілер белгіленген жылдамдық шегінен аспай, жаяу жүргіншілерге мұқият болуы керек. Жаяу жүргіншілер өткелдері мен аялдамалардың жанында жылдамдықты төмендетіңіз. Қызыл шам жанып тұрған бағдаршамдарда тоқтап, қозғалыс рұқсатын күтіңіз. Көлік жүргізу кезінде телефонды пайдаланбай, өзге көліктер мен жаяу жүргіншілерді құрметтеңіз, қашықтықты сақтаңыз. Осындай қарапайым ережелер сіздің де, өзгенің де өмірін сақтап қалатынын ұмытпайық. Жол ережелерін білмеу жауапкершіліктен босатпайды", - дейді өңірлік полиция департаментінің мамандары.

Оқи отырыңыз: Шымкенттік тұрғын виртуалды нөмірлерді пайдаланып алаяқтықпен айналысқан