“Ертіс орманының“ бұрынғы директоры ұзақ жылға сотталды

25.04.2025 21:45

Мемлекетке келтірілген залал шамамен 153 миллион теңге болған

Jay Mantri / Unsplash

"Ертіс орманының" бұрынғы директоры 12 жылға сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

 Павлодарда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот "Ертіс орманы" резерватының бұрынғы бас директоры мен үш қызметкеріне қатысты үкім шығарды.

Сотталушылар орман ағаштарын кесіп сатты, пара алды, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және соған қатысты деп айыпталды. Тергеу деректеріне сүйенсек, олар 2022-2023 жылдар аралығында отын мен технологиялық ағаш түрінде көрсетіп, ормандағы ағаштарды заңсыз кесіп, сатумен айналысқан.

"Мемлекетке келтірілген залал шамамен 153 миллион теңге болған", - делінген хабарламада.

Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет күдіктілердің WhatsApp-жазған хаттары мен әңгімелерінің жазбаларын жариялап, олар заңсыз ағаш кесу және сату үшін кәсіпкерлерден пара алғанын анықтаған.

Сот үкімі

Сот төрт айыпталушыны да аса ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, бұрынғы бас директорды 12 жылға, оның үш қоластындағы қызметкерді 10 жылға бас бостандығынан айырды.

58 жастағы тағы бір фигурант аса ірі көлемдегі ұрлыққа көмектесті деген айыппен үш жылға сотталды. Ол сот залында қамауға алынды.

"Айыпталушылар Б., Т., В., және Б.-ға мүлкін тәркілеумен жаза тағайындалды. Тергеу кезінде заңсыз тергеу әдістері қолданылды деген уәждері расталмады. Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін жағдайларды ескерді – олардың кәмелетке толмаған балалары бар, жағымды мінездемелері бар және үшеуі келтірілген шығынды ішінара өтеді", – деді судья Нұрлан Айтбаев.

Судья төрт сотталушының әрекеттерінде ауырлататын мән-жайлар анықталмағанын айтты. "Ертіс орманы" табиғи резерватының 120 миллион теңгеден астам шығынды өндіріп алу туралы талап-арызы ішінара қанағаттандырылды.

Сот үдерісі барысында жол берген заңбұзушылықтары үшін екі адвокатқа қатысты жеке қаулы шығарылған.

Оқи отырыңыз: Жетісайда көрші келіншекті өлтірген күдіктіні қандай жаза күтіп тұр