Жарыққа жауаптылар ләм-мим деместен, тариф құнын бірден 23 теңгеге өсіріп жіберген
Атыраудағы саяжай тұрғындары жарық тарифінің қымбаттауына наразы. Азаматтардың айтуынша, электр қуатын ұсынатын мекеме тарифті екі есеге дейін көтерген. Ең сорақысы, жарыққа жауаптылар тіпті халыққа тариф құнының өсетіні туралы бір ауыз ескертпеген де. Ашынған ағайын аң-таң, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
"Рыбник" саяжайының тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Көпшілік тариф бағасының соңғы екі айда күрт өскеніне ашулы. Өйткені, жарыққа жауаптылар ләм-мим деместен тариф құнын бірден 23 теңгеге өсіріп жіберген. Бұған дейін 17 теңгеден төлеп келген жұрт мұны барып тұрған бассыздық деп отыр.
"Желтоқсан айынан бастап олар халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізбестен, дауыс беру, келісімшарт жасау шараларын өткізбестен, аяқасты 23 теңге етіп қойған. Қалада 16 теңгеден болып тұр. "Атырау Жарық" өкілі айтып кетті. Бізде 23 теңге, соны да төлей алмай отырғандар бар. Жарықты сөндіреміз дейді", - деді "Рыбник" саяжай қауымдастығының тұрғыны Қайыржан Оразғалиев.
Жиналған көпшілік анығын сұрау үшін шақырған саяжай қауымдастығының төрағасы "Бәріне "Атырау-Жарық" мекемесі жауапты" деп, басын ала қашты.
"Электр энергиясының құны «Атырау Жарықтан» келген жоғары тариф негізінде көтерілді. Біздің тарапымыздан тариф айырмашылығы 5 теңге болып, 2023 жылы жиналыста бекітілген. Ол қаржы жалақыға, айлық қызмет көрсетуге, көшені жарықтандыруға бөлінеді. Себебі, саяжай қауымдастығына келген электр энергиясының құнын біз төлейміз", - деді «Рыбник» саяжай қауымдастығының төрағасы Сергей Серегин.
Жарыққа жауаптылар да тариф құнының өскенін жасырмайды. Олар "Бұған орта жолдағы алыпсатар компаниялардың құнды шамадан тыс көтеруі себеп" дейді. Сонымен қоса, тасымал бағасы артса, тариф та да қымбаттай береді екен.
"50 пайызға өсті. Заңды мекемелер үшін 33 теңгеден 40 теңгеге өсті. Бірыңғай сатып алушы ретінде электр энергиясын алып отырған жеріміз 1 наурыздан бастап 12,27-13-50 теңгеге дейін көтерді. Біз кепілді мекеме болған соң, халықты қамтып отырған соң, 13,50 теңгемен сатып отырмыз, бізге арзан бағамен келмейді", - деді "Атырау жарық" АҚ сату бөлімінің вице-президенті Тұрлан Тошатов.
Мыңға жуық халқы бар саяжай тұрғындары тарифтің мұншалықты қымбаттауында бір шикілік бар деп санайды. Айлығы шайлығынан артылмайтын жұрт аумақта бұдан да басқа бас қатырар мәселенің көбін айтады. Ал жарық құнының қымбаттауы жығылған үстіне жұдырық боп тиген. Көпшіліктің ендігі үміті - жергілікті билікте.
Жұлдыз Қайратқызы, "Алматы" телеарнасы үшін арнайы Атыраудан
Оқи отырыңыз: Он екі шақырым жаяу жүреді: Алматы облысында саяжай тұрғындары оқушыларға үлкен автобус бөлуді сұрайды