Істі жүргізіп жатқан қорғаушы да аталған дерекке қатысты шикіліктің барын айтты
"Атырауда 7 жастағы жеткіншектің өліміне шенеуніктер кінәлі". Осылай деген марқұмның жақындары тергеудің жан-жақты жүргізілуін талап етуде, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жалғыз қызын осыдан жарты жыл бұрын жер қойнына тапсырған Айдос Сабыров аталған іске қатысты тергеудің жан-жақты жүргізілгенін қалайды. Өйткені тергеушілер оқиғаға қатысы бар деп тек мердігер мекемеден жауап алған. Алайда қайғыдан қан жұтқан отбасы бұл іске бірнеше адамның тергелуін талап етеді. Яғни бюстті орнатуға тапсырыс берген шенеуніктер де жаза арқалауы тиіс.
"Тек мердігер компаниясына қатысты іс қозғалды. Басқа кінәлі адамдар бар ғой. Іске қатысы барлардың бәрі жаза арқаласын. Тергеу жан-жақты өтуі тиіс", – деді марқұмның әкесі Айдос Сабыров.
Істі жүргізіп жатқан қорғаушы да аталған дерекке қатысты шикіліктің барын айтты. Ескерткіш орнату кезінде бірнеше заңды талаптар сақталмаған.
"Ескерткіштерді орнату кезінде «ҚР Тарихи-мәдени мұра объектілерді қорғау және пайдалану туралы» заңның талаптары, монументтік өнер құрылыстарының орнату туралы қағидаттары, №103 бұйрығының талаптары орындалмаған. Бұл монументтер заңсыз орнатылған. Оларды орнатуға ұсыныс білдірген тұлғаның шешімі бар ма, жоқ па, анықталмаған. Ауызша жасалған, нәтижесі адам өліміне әкеліп отыр", – деді қорғаушы Айбар Қосымбаев.
Жәбірленуші тараптың арызын алға салып, полиция департаментіне хабарластық. Тәртіп сақшылары аталған іске қатысты тергеу амалдарының әлі аяқталмағанын мәлімдеді.
"Аталған қылмыстық іске қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, тараптар іс материалдармен танысуда. Жиналған іс-құжаттар сотқа жолданады", – деді облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Мейірім Ердәулет.
Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға былтыр тамызда болған. Ата-анасымен серуендеп жүрген 2015 және 2017 жылы туған екі бала нөсер жаңбырдан қорғанып, ескерткіштің панасына тығылған. Алайда түбі босап тұрған тоннаға тарта ауыр бюст опырылып, 3 адамның үстіне құлайды. Ескерткіштің астында қалған 7 жастағы қыз бала сол мезетте-ақ мерт болған. Осы оқиғадан соң, саябақтағы барлық ескерткіш-монументтер қоршауға алынды.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Министрлік мобильді байланыс операторлар тарифінің қымбаттауына қатысты пікір білдірді