«Газ саласындағы баға реформасы» тақырыбында өткізілген жиында өнеркәсіптегі маңызды мәселелер талданды
Көгілдір отынның бағасын екі есе көтеру қажет. Бұл – газдың көтерме бағасына қатысты. Сарапшылар осылай дейді. Олар «Газ саласындағы баға реформасы» тақырыбында өткізілген жиында бас қосып, өнеркәсіптегі маңызды мәселелерді талдады. Кездесуді «Petroleum» сараптамалық журналының ұжымы ұйымдастырған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жиынға жиналғандар алдымен газ өндіретін кәсіпорындар жөнінде сөз қозғады. Олар компанияларға табиғи отын сату тиімсіз болып отырғанын жеткізді. Себебі қазір газдың 1000 текше метрі үшін көтерме баға шамамен 50 доллар екен. Мамандар «тасымалдау құны қосылса, көрсеткіш өзгеріп сала береді» дейді. Сарапшылардың сөзінше, газдың көтерме бағасының өзі нарық заңына жауап бермейді. Бағадағы мұндай айырмашылық саланы құрдымға кетіретіндіктен, оңтайлы өзгеріс қажет.
«Бағаны бірден екі есеге көтеріп жіберу мүмкін емес, әрине. Ол ең бірінші халықтың әлеуметтік осал тобына ауырлық тигізеді. Сондықтан басқосуда өзгерісті біртіндеп жасауды ұсындым», – деді сарапшы Айаал Егинов.
Сарапшылар алдымен көтерме саудамен айналысатындарға бағаны бекітіп берудің маңызына тоқталды. Олардың айтуынша, содан кейін ғана қалған тұтынушылар жөнінде ойлану керек. Үкімет ұсынатын межеден аспауы тиіс.
«Бұл жерде түсініп алатын негізгі мәселе – ел тұрғындары қазіргі жұмыс істеп тұрған модельдің тиімсіз екенін түсінуі керек. Ұзаққа бармаймыз. Қазір бағаны дұрыстамасақ, болашақта газ тапшы болады», – деді саясаттанушы Марат Шибұтов.
Елімізде былтыр 59 миллиард текше метр газ өндірілген. Бірақ оның жартысы қайта жер астына жіберіліпті. Себебі оны өңдеу қуаты әлі жеткіліксіз. Мамандар жаңа тариф осы және өзге де мәселелерді шешуге көмектесетініне сенімді.
Рүстем Айткәрім, Аяулым Көлжігіт, Сағынғали Мұңайтбасов