Оқыту бағдарламасынан өткен алғашқы түлектердің табысы 45%-ға өсті
«TechnoWomen» ұйымы мен халықаралық «Astana Hub» технопаркі серіктесіп, екінші жыл қатарынан жұмыссыз әйелдер мен декреттегі аналардың цифрлық біліктілігін арттыруға арналған «IT-Aiel» жобасын іске асырды. Оқыту бағдарламасынан өткен алғашқы түлектердің табысы 45%-ға өсті. Биыл цифрлық ғылымдар, киберқауіпсіздік және электрондық коммерция бойынша 18 мың қыз бен әйел білім алды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ, Ұлттық комиссияның тұрақты назарында репродуктивті денсаулықты қорғау, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және ауылдақ жерлердегі әйелдерді қолдау мәселелері бар.
2025 жылы да Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия алдына бірқатар маңызды міндеттер қойылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен комиссия саналы ата-ана мәдениетін арттыру, отбасы мен некенің маңызын нығайту, адамгершілік құндылықтарды дәріптеу бойынша шаралар атқарады.
2025 жыл гендерлік саясат саласындағы екі маңызды оқиғамен ерекшеленеді. Бірі – Бейжің декларациясының 30 жылдығы болса, екіншісі – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Әйелдер. Бейбітшілік. Қауіпсіздік» 1325-резолюциясының 25 жылдығы. Бұл – әйелдер құқығын арттыру және гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған негізгі халықаралық құжаттар.
Қазақстан халықаралық гендерлік саясат аясындағы міндеттемелерін орындау бойынша ауқымды жұмыс атқаруда. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1325-резолюциясын іске асыру жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспары жаңартылды. Бұл жоспар халықаралық сарапшылар мен дипломатиялық корпус тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Жоспар аясында гендерлік мәселелер бойынша әскери кеңесшілер даярлау, Қорғаныс министрлігі, ІІМ, ТЖМ және прокуратура жүйесіндегі әйелдерді басшылық лауазымдарға өсіру, олардың одан әрі мансаптық жолын бақылау және басқа да міндеттер қарастырылған.
Осылайша, Қазақстан гендерлік теңдікті нығайту және әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою саясатын жүйелі түрде жалғастыруда. Құқықтық және институционалдық база нығайтылып, әйелдердің физикалық, интеллектуалдық және рухани-адамгершілік дамуына қажетті жағдайлар жасалып келеді.
Оқи отырыңыз: Зорлық-зомбылықпен күрес: 16 мың әйелдің құқығын қорғалды