Елімізде кәсіптік-техникалық білім беретін 770-тен аса колледж бар
Биыл колледждерде 150 мыңнан астам студент тегін білім алады. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл көрсеткіш былтырға қарағанда 10 мыңға көп. Осылайша, сұранысқа ие мамандықтар бойынша түлектерге ақысыз негізде білім алуға мүмкіндік беріледі. Есте болса, осы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған Мемлекет басшысы кәсіптік білім беру саласына реформа жасаудың өзекті екенін айтқан болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде жаңа оқу жылында сұранысқа ие техникалық және кәсіптік білім беру бойынша 153 мың студент тегін оқумен қамтылады. Мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтарға, оның ішінде машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және басқа да салаларға бөлінеді. Күні кеше Алматының Медеу ауданында ата-аналардың, білім бөлімі өкілдерінің, колледж мамандарының қатысуымен жиын өтті. Онда оқушылар үшін еңбек нарығындағы жаңа талаптар жайлы ақпарат білуге, кәсіптік бағдар алуға мүмкіндік туды.
"Басты мақсатымыз – 8, 9, 10, 11-сынып ата-аналарына біз осы кәсіптік білім мекемелерінде берілетін мемлекеттік бағдарламалар бойынша, яғни қазіргі дәнекерлеуші, слесарь, аспаз, құрылысшы сынды мамандықтарға көп көңіл бөлу туралы айттық. 28 мектеп 6 колледжбен меморандумға отырды", - деді Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы Ақнұр Нұрәлиева.
"Кәсіптік бағдар беру – өскелең ұрпақ үшін маңызды. Сондықтан бала мектепте жүріп-ақ өзінің болашақ мамандығын таңдап, сол бойынша дағдыларын меңгергені дұрыс. Осылайша, келешекте мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндер саны әлдеқайда азая түседі. Бұл - әлемдік тәжірибеде өз жемісін беріп келе жатқан әдіс", - деді қоғамдық қор басшысы Бибінұр Шерәлиева.
Елімізде кәсіптік-техникалық білім беретін 770-тен аса колледж бар. Оқу орындарында жарты миллионнан астам студент білім алуда. Ондағы түлектерді жыл сайын жұмыспен қамту көрсеткіші 79 пайызды құрайды.
"Соңғы 4 жылдан бері біздегі ең жақсы жоба “Жас маман” жобасы болды. “Жас маман” жобасы бойынша 300 миллион теңгеден астам қаржымен оқу орнымызды заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтап алдық. Соның нәтижесінде жұмысшы мамандығына деген сұраныс артып, мәртебеміз жыл сайын көтеріліп жатыр", - деді Алматы құрылыс-техникалық колледжінің директоры Бектұрған Ахметов.
"Өзіміздің колледж бойынша жылына 3 рет жәрмеңке ұйымдастырып, жұмыс беруші компанияларды шақыртамыз, олар біздің серіктестеріміз саналады. Оның ішінде Алматыдағы үлкен қонақүйлер тмен мейрамханалар, сауда орталықтары бар", - деді Алматы технологиялық колледжінің директоры Ерұлан Қарағұлов.
Биыл колледждер мен жұмыс берушілер 2 мыңнан астам білім беру бағдарламасын әзірлейді және өндірістік базада 2 мың педагог тағылымдамадан өтеді. Бүгінде жұмысшы кадрларын даярлау, сұранысқа ие дағдыларды оқыту, түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша нақты міндеттер жолға қойылып, оны іске асыру қолға алынған.
Жансая Олжабек, Жақсылық Тілепберген, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын дамытуда қандай жобалар қолға алынды