Болжам бойынша, ұйымдасқан қылмыстық топтағы 22 адамның әрқайсысында өз рөлі болған
Алматыда психикалық ақауы бар науқастар мен егде жастағы жалғызбасты жандарды алдап құрыққа түсіріп, ұрлап, өлтіріп, баспанасын иемденген қылмыстық топқа қатысты жарыссөз басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Прокурор «қара риелторлар» ісі бойынша сотталып жатқан 22 адамға тағылған айып пен оларға берілуі мүмкін мерзімді тізбектеп айтып шықты. Сондай-ақ бүгінгі процессте жәбірленуші тарап айыпталушыларға бірқатар азаматтық талап қойды.
Қоғамда үлкен резонанс туғызған «қара риелторлар» ісі бүгін сотта жарыссөз кезеңіне өтті. Процесс қыркүйектен бері жүріп жатыр. Топ болып ұйымдасып, жантүршігерлік қылмыс жасады деген күдікпен 22 адам айыпталып отыр. Бүгінгі отырыс жәбірленуші тараптың қорғаушыларының азаматтық талаптарынан басталды.
Атап айтқанда, Психикалық денсаулық орталығында «параноидтық шизофрения» диагнозымен ем алып жүрген кісіні орталық дәрігерінің қатысуымен ұрлап әкетіп, психотроптық препараттар беріп, мүлігін тартып алу ісі бойынша адвокат 15 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндірілуін сұрады.
«Менің қорғауымдағы жәбірленуші – 2-топ мүгедегі. Психикалық орталықта есепте тұрған. Оған қатысты өте ауыр қылмыс жасалды. Еркінен тыс ұстап, бостандығынан айырған. Оның психикалық жағдайы онсыз да мәз емес болса да, дәрігер психотропты дәрілер берген.. Ақыры қылмыскерлер Алматыдағы пәтерін иемденіп алған», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Дамир Хасанов.
Ал моральдық шығынды өтеуге міндеттелетін айыпталуышылар, яғни ұйымдасқан қылмыстық топты құрды деп сотталып отырған басты екі күдікті кінәсін мойындамай, соттан азаматтық талапты қабылдамауды сұрады.
«Оны ешкім өлтірмеді. Ол өзі қайтыс болды. Мен жерлеуге көмектесіп, адамдарды шақырдым, айыпты мойындамаймын», – деді айыпталушы Ирина Гаппарова.
Сот отырысының екінші жартысы жарыссөз басталды. Мемлекеттік айыптаушы адам өлтіру, ұрлау және дәрменсіз жағдайдағы азаматтарды заңсыз бас бостандығынан айыру, аса ірі мөлшердегі алаяқтық, сондай-ақ құжаттарды қолдан жасау қылмысы бойынша сотталушыларға айып тақты. Болжам бойынша «қара риелторлар» қылмыстық тобын құрған басты екі фигурант - Ирина Гапарованы 20 жыл, ал Әширали Болтабоевті 18 жыл бас бостандығынан айыру ұсынылды.
«Айыпталушылар ауқымды жоспар құрып, әр қатысушыға қызмет бөлінген. Гаппарова, Сатаев пен Болтобоев қылмыстық топтың басында тұрып, бәрін үйлестірген. Жәбірленушілер – психикалық ақауы бар, үлкен кісілер. Бұл жоспар 2017 жылы ойластырып жүзеге аса бастаған», – деді прокурор Нұрасхан Мырзалы.
Болжам бойынша, ұйымдасқан қылмыстық топтағы 22 адамның әрқайсысында өз рөлі болған. Айыпталушылардың қатарында психикалық денсаулық орталығының бұрынғы дәрігерлері, нотариустар мен полиция қызметкері, риелторлар, такси жүргізушілері, бұрын соңды сотталғандар, тіпті жәбірленушілердің жақындары да бар. Қаланың мамандандырылған ауданаралық сотында келесі процессте жарыссөз жалғасады.
Әйкерім Пернебек, Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Алматыда есірткі жарнамалары жойылды