Қарағанды облысына қарасты ауданда төтенше жағдай режимі енгізілді

21.02.2025 18:53

Өңірде 3 мыңға жуық тұрғын үй мен 43 әлеуметтік маңызы бар нысан жарықсыз қалды

Қарағанды облысының Шет ауданында 3 мыңға жуық тұрғын үй мен 43 әлеуметтік маңызы бар нысан жарықсыз қалды. Сондықтан өңірде төтенше жағдай режимі енгізіліп отыр, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Бұған кәсіпорындар арасындағы келісімшарттың болмауы мен жүйелі жұмыстың жасалмауы себеп көрінеді. Осыған байланысты ауданда электр қуатын беруге де шектеу қойылды.

Толғауы жеткен тағы бір түйткіл - «Шет энерго» кәсіпорын балансындағы тоқ желілері әбден ескірген. Сондықтан аудан басшысы «сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізу аса қажет» дейді. Бұл туралы Шет ауданының әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Жергілікті атқарушы орган ретінде апаттық жағдайлардың алдын алу және келеңсіздіктерді шұғыл арада жою мақсатында 2025 жылдың 21 ақпаны аудан аумағында жергілікті деңгейде төтенше жағдай жариялаймын. Осы ретте аудандағы ескірген электр желілері мен подстанцияларды дереу қалпына келтіру мен жандандыру мақсатында аудан аумағындағы кәсіпорындарды тарту жоспарланып отыр. Барлық жағдай өзімнің бақылауымда», - деді Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров.

Оқи отырыңыз: Қылмысты жасырып, істі тоқтатып тастаған: Таразда тергеуші сотталды