Қарғын су: ШҚО-да жоғары дайындық режимі енгізілді

07.02.2025 16:35

Өңірде соңғы 50 жылда алғаш рет қаңтарда +5 градустан жоғары температура тіркелген

Биыл Шығыс Қазақстанда су тасқыны ерте жүруі мүмкін. Оған қыстың жылы болуы және жауын-шашынның көптігі әсер етеді деген болжам бар. Өңірде соңғы 50 жылда алғаш рет қаңтарда +5 градустан жоғары температура тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Былтыр көктемде ШҚО-да қызыл су тұрғындарды әбден әбігерге салды. Қалың қардың күрт еруі мен жауын-шашынның көптігінен өзендер арнасынан асып, бірқатар елдімекендерді су басып қалды. Ал биыл өңірде қыс жылы болып, қар ерте ери бастаған. Сондықтан тасқын мерзімінен бұрын жүре ме деп алаңдаған мамандар бөгеттерді нығайту, өзен, су арналарын кеңейту жұмыстарын қолға алған.

"Соңғы 5 жылда 72 елдімекеннің  арасында 15 аймақта қауіп жойылып, 49 ауылда барынша азайтылған. Сондай-ақ биыл облыс әкімінің орынбасары бекіткен инженерлік-техникалық жұмыс жоспарына сәйкес облыс аумағында 55 іс-шара жүргізілді", – деді ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің аға инженері Аяулым Кекиева.

Дегенмен алдын алу жұмыстары толық қауіпсіздікке кепілдік бермейді. Мамандар «бәрі ауа-райына тікелей байланысты» дейді. Биыл қыста Алтай аймағында ақұлпа мол. Өткен аптада мұнда небәрі бір күннің ішінде қалыңдығы 30 сантиметр қар жауған.

"Қазірге дейінгі қар жамылғысының жалпы тереңдігі 135 сантиметр. Бұл біздің ауданда жиі кездесетін жағдай болғанымен, айтарлықтай қиындықтар тудырады. Алда су тасқыны күтілгенмен,  барлық суды жоспарланған мерзімде өткізу мүмкін болады деп үміттенеміз", – деді Алтай қаласының әкімі Игорь Оконешников.

Зайсан ауданында қаңтардакүннің жылынып кетуі алаңдаушылық туғызып отыр. Жағдай облыс билігі мен төтенше жағдайлар қызметінің бақылауында. Аймақ басшысы әр ауданға су тасқыны қаупі картасын жасауды ұсынған. Сондай-ақ өңірде ақпанан бастап жоғары дайындық режимі енгізіліпті.

"Бүгінде арнайы топта шамамен 2,5 мың адам бар. Әртүрлі мақсаттағы 800 бірлік техника да қарастырылған. Соның ішінде 46 жүзу кемесі, 240-қа жуық суды сорып шығаруға арналған бастапқы және көмекші құрал-жабдық бар", – деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов

Облыстағы барлық су айдындары тұрақты бақылауда. Су деңгейі жоғары болуы мүмкін аймақтар тікұшақтар арқылы қадағаланады. Қазір өңірде аяз бар болғандықтан, қауіп төмен. Бірақ жағдай кез келген сәтте өзгеруі мүмкін көрінеді.

Жансая Олжабек, Руслан Мұхамедьяров, ШҚО

Оқи отырыңыз: Субсидия алуға көмектесемін: тұрғындарды алдап, қашып кеткен күдікті елге экстрадицияланды