Қарқаралының тұрғындары ауыз суға зәру

27.03.2025 20:13

Шаһарды 4 ұңғыма сумен қамтығанымен, қысым мүлде жоқ,

Қарқаралы қаласының тұрғындары ауыз судан таршылық көріп отыр. Шаһарды 4 ұңғыма сумен қамтығанымен, қысым мүлде жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қарқаралы қаласының тұрғыны Несіпхан Темірғалиевтің айтуынша, шаһарға Жарлыдан су тарту жұмыстары 1987 жылдары басталған. Кейін жоба қаржының жоқтығынан тоқтап, құбырлар қолды болған. Содан бері халыққа тіршілік нәрі уақытша қазылған ұңғымалардан  беріліп келеді. Алайда қысымның жоқтығынан су ақпай қалатын сәттер  жиі болады.

 «Жаздынгүні суға деген сұраныс жоғары болады. Ел кәдімгідей бау-бақшаларын суарады. Басқа да жағдайларға пайдаланады. Сондықтан әсіресе жазда су мәселесі Қарқаралыда өте өзекті болатын. Қарқаралының жерасты  суы аз пайдаланылған жоқ, деңгейі түсіп кеткеншығар. Сондықтан судың тапшылығы қыс айларында да болып тұрады», – деді Қарқаралы қаласының тұрғыны Несіпхан Темірғалиев.

Бүгінде қала тұрғындарын ауыз сумен қамту үшін 4 ұңғыма жұмыс істеп тұр. Олардың әрқайсысы кемі 50 жылдан бері тоқтаусыз қызметте. Әрі, жерасты су қорының жылдан-жылға азайып жатқаны тағы бар. Соның кесірінен қала маңындағы орман да сиреген көрінеді. Бәрін ретке келтіру үшін 40 шақырым жердегі жер асты суын қалаға тарту қолға алынған.

 «Бұл жобада тәулігіне 1600 текше метр су беріледі деп жоспарланып. Тексеру жұмыстары қалды. Негізі 2024 жылдың аяғында бұл жоба іске қосылу керек. Қарқаралы қаласының ішкі су желілері дайын болмағандықтан 2025 жылға шегертілді, – деді Қарқаралы аудандық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің меңгерушісі Мейірлан Сәдуақасов.

Негізі, су қалаға 2024 жылы берілуі керек еді. Алайда қала ішіндегі құбырлардың 80 пайызы тозып, қатты қысымға шыдамай қалыпты. Былтыр мұндағы 34 шақырым желінің тек 10 шақырымы ғана жаңғыртылған.

 «34 шақырым құбырды ауыстырып жатырмыз. Қаланың ішіндегі құбырды айырбастаудың өзгешелігі бар. Өйткені қаланың ішінде коммуникациялар бар ғой. Сондықтан бөгет көп болады, – деді Қарқаралы қалалық сумен жабдықтау кәсіпорнының басшысы Ғалым Мұсағалиев.

Қарқаралы қаласында 9 мыңнан астам тұрғын бар. Ғалымдардың пайымдауынша, Жарлы жерасты суы қалаға ғана емес, маңайдағы ауылдарды да түгел қамтамасыз етуге жетеді. Дегенмен тұрғындар биыл да жоба аяқсыз қала ма деп алаңдап, күдікпен күй кешіп отыр.

Жанбота Бейсембайұлы, Қарағанды облысынан

Оқи отырыңыз: Заңсыз тексергені үшін лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тарттылды