Картоп бағасы қымбаттады: Түркістан облысында қандай шара қабылданып жатыр

20.01.2025 20:40

Халық ең көп тұтынатын өнімнің бағасы соңғы аптада аспандап шыға келді

Елімізде картоп бағасы шарықтап кетті. Кей өңірде өнімнің құны екі есеге дейін қымбаттап, бір келісі 455 теңгеге жеткен. Жағдайға байланысты Үкімет ендігі өзге елдерге картоп экспорттауды тоқтатты. Шектеу әзірге алты айға енгізіліп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Халық ең көп тұтынатын өнімнің бағасы соңғы аптада аспандап шыға келді. Картопты көп өсіретін өңірлер – Жетісу мен Павлодар облыстарының өзінде өнімнің бір келісі 400 теңгеге жеткен. Ал Астанада іріктелген картоп 450 теңгеден сатылып жатыр. Шығыс Қазақстан облысында тауар құны – 466, Қызылордада – 366 теңге. Ал Түркістандағы жәрмеңкелерде картоп 100 теңгеден сатылды. Бірақ әдеттегі баға мұнда 330 теңгенің төңірегінде. Айта кетейік, өңірде өнімді 5 келіден артық ала алмайсыз.

"Дүкендерде баға өте қымбат. Жәрмеңкеге сол себепті келдік. Базарда 350 теңгеге алып жатырмыз", - дейді қала тұрғыны Аманкүл Асылханқызы.

Үкімет экспортқа шектеу қойған соң, картопты сыртқа тасымалдамау үшін кеден бекеттерінде бақылау күшейтілді. Түркістан облысында да арнайы штаб құрылып, шекара қызметі мен "Қазақстан темір жолының" жергілікті бөлімшелері басшыларына түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

"Бүгін Сарыағаш станциясына келіп, вагондарға тиелген көкөністің бәріне мониторинг жүргізілді. Картопты сататын жердегілерге де бақылау қойылады. Негізі картопты ішкі нарыққа саудалау үшін барлық жақта осындай жұмыс атқарылады", - деді Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Тәліпов.

Үкімет картоп бағасының шарықтап кетуі өнім экспортының 1,5 есеге өсіп, 605 мың тоннаға жеткенімен түсіндіреді. Яғни, бұған көрші елдерден сұраныстың артуы және экспорттық бағаның күрт жоғарылауы әсер еткен. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі қордың ішкі нарық үшін жеткілікті екенін айтады. Мәселен, былтыр республика бойынша 2,9 млн тонна картоп жиналыпты.

"Қазіргі кезде тұрақтандыру қорлары ішкі нарыққа картоп дақылын сату бойынша тауарлық интервенция жүргізіліп жатыр. Тұрақтандыру қорларын тұрақты түрде толықтырып тұру бойынша, әкімдіктермен, ауылшаруашылық тауар өндірушілермен келісімшарттарға қол қойылуда. Жалпы бұл мәселе тұрақты бақылауда тұр", - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаментінің директоры Назгүл Хатепова.

Еске сала кетейік, былтыр да азық-түлік арасында картоп қатты қымбаттап, бір жылда бағасы 37,7 пайызға көтерілген еді. Қазір салаға жауапты министрліктің мәліметінше, сауда желілеріндегі қорларды есепке алмағанда 850 мың тонна өнім бар екен. Ал бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін Сауда және интеграция министрлігінің аумақтық органдары бақылау жұмыстарын күшейтті.

Нұркен Әкімхан, "Алматы" телеарнасы үшін арнайы Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Ақтауда екі жылдан бері баспанасына қол жеткізе алмай жүрген салымшылар бас көтерді