Қарулы Күштер қатарында 6500-ден астам қыз-келіншек қызмет етеді

Төл армиямыз сапында қызмет атқарып келе жатқан әйелдер арасында 31 полковник, 112 подполковник, 227 майор, 210 капитан, 170 аға лейтенант, 139 лейтенант бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада Жеңістің 80 жылдығына арналған шеруге дайындық жүріп жатыр. Төрт жарым мыңнан аса адам қатысатын шеруде әскери қызметші қыз-келіншектер де бой көрсетеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақмола өңірлік горнизонының арулары 7 мамырда өтетін әскери шеруге дайындықты бастап кеткен. Сап түзеген сұлулардың арасында астаналық Кәмилә Ермекова да бар. Әскери салада қызмет етуді бала күнінен армандаған ол ауқымды парадқа бірінше рет қатысады. Бойында қобалжу бар, десе де өзіне артылған жүкті абыроймен атқарып шықпақ. Кәмилә елордадағы №29990 әскери бөлімінде радиотелеграфист болып 1 жылдан бері еңбек етеді. 2 баланың анасы жұмыс пен үй шаруасын қатар алып жүру ешқандай қиындық тудырмайтынын айтты.

 «Ата-ененің қолында тұратын келінмін. Жолдасымның, ата-енемнің көмегінің, қолдауының жұмыс уақытында, үйдің шаруасы, бала тәрбиесі жөнінде мен мүлдем уайымдамаймын. Себебі сол кісілердің арқасында тек жұмысыма көңіл бөлемін», – деді №29990 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Кәмилә Ермекова

Бұл қатарда даңқты батыр Бауыржан Момышұлының ауылынан шыққан Әлия Қуанышбекқызы да бар. Ұлттық Қорғаныс университетінде медбике болып қызмет ететін ару әскер қатарында болуды жастайынан қалаған. Астанаға қоныс аударып, жарты жылдан бері осы салада жұмыс істейді.

 «Өз жүрегіммен қаладым. Есімім Әлия болғандықтан осы салаға келдім, өте қызықты. Қазақстанның туын көкке желбіреткім келді, – деді ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің аға медбикесі Әлия Қуанышбекқызы.

Жауапты шеруге Ақмола өңірлік горнизонынан 30 әскери қызметші әйел аптасына 2 рет, 3 сағаттан дайындалып жүр. Ауа райы оларға кедергі емес. Өйткені бастапқыда аруларды таңдағанда олардың бойы, әскери дайындығы, физикалық төзімділігі басты назарға алынған. Төрт жарым мыңнан астам адам қатысатын салтанатты шарада Қорғаныс министрлігінің бір парадтық сапында 130 әскери қызметші әйел бой көрсетпек.

 «Әскери қызметшілермен жеке дара дайындық өтіп жатыр. Қалай аяқты көтеру керек? Пәрменді қалай орындау тиіс? Соның бәрін сабақ жетекшілерімен жүргізіп, нұқсау өткізудеміз. Алда келе жатқан әскери шеруде жоғары дайындық көрсетеміз деген ойдамын, – деді ҚР ҚМ Құрмет қарауыл ротасы рота командирінің орынбасары Әбдинұр Әділов.

Еліміздің Қарулы Күштерінде 6500-ден астам әскери қызметші қыз-келіншек қызмет етеді. Төл армиямыз сапында қызмет атқарып келе жатқан әйелдер арасында 31 полковник, 112 подполковник, 227 майор, 210 капитан, 170 аға лейтенант, 139 лейтенант бар. Қарулы Күштердің жалпы жеке құрамындағы арулардың үлесі 10,1 пайыз. БҰҰ бітімгершілік миссияларында 5 әйел әскери қызмет атқарады. Нәзік болмысымен ауыр салмақты Отан қорғау жүгін арқалаған батыл қыздар ер азаматтармен бірге иін тіресе жауынгерлік міндетін абыроймен атқарып жүр.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астанадан

Оқи отырыңыз: Әскерге баратын азаматтардың банк алдындағы берешегі уақытша тоқтатылады

Новости партнеров