Қазақстанда бір жылда қанша жұп некеге тұрып, қаншасы ажырасқан

Mariano Rivas / Unsplash
Mariano Rivas / Unsplash

Елімізде неке қиғандар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда біршама артқан, ал ажырасқан саны азаймай тұр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, былтыр АХАТ органдары Қазақстан Республикасында 123,6 мың неке тіркеген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,2% артық, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Некелесудің жалпы коэффициенті 6,13 құрады (1000 адамға). Некелескендердің көпшілігі Астана қаласында, 1000 адамға шаққанда 7,34 неке коэффициенті, сондай-ақ Алматы (6,98) және Ұлытау облыстарында (6,70) байқалды. Некеге тұрудың ең төменгі деңгейі Батыс Қазақстан облысында – 1000 адамға шаққанда 5,58 неке тіркелген. 

Отбасын құрғандардың ішін ерлердің 78% және әйелдердің 79,1% некеге алғаш рет тұрған, ажырасқаннан кейін қайта үйленген ерлердің үлесі – 20,8%, тұрмысқа шыққан әйелдерде –19,4%.

«Қалалық жерлерде 82,1 мың неке (66,4%), ауылдық жерлерде 41,5 мың неке (33,6%) тіркелген. Алғаш неке құрған ерлердің орташа жасы 27,9 жас болса, әйелдер үшін – 25,2 жас. 2024 жылы неке жаз айларында ең көп тіркелген: маусым – 11 675, шілде – 13 739, тамыз – 12 936 бірлік», - делінген ҰСБ хабарламасында. 

Барлық тіркелген некенің 81,8% моноэтникалық болса, қалған 18,2% – этносаралық.

«Ажырасуға келетін болсақ, 2024 жылы олардың саны 40,5 мың болды. Қалалық жерлерде 30,1 мың ажырасу (74,4%), ауылдық жерлерде – 10,4 мың ажырасу (25,6%) тіркелген. Ажырасудың жалпы коэффициенті 2,01 құрады (1000 адамға)», - делінген хабарламада.

Ажырасудың ең жоғары деңгейі ШҚО-да, 1000 адамға шаққанда 3,12 коэффициентімен, сондай-ақ Қарағанды (3,11) және Павлодар (3,09) облыстарында байқалды. Ажырасудың ең төменгі деңгейі Түркістан облысында – 1000 адамға шаққанда 0,90. 

Неке ұзақтығы бойынша ажырасулардың ең көп үлесі (35%) 1-4 жыл некеде тұрған отбасылар арасында, ажырасулардың 25% – 5 жылдан 9 жылға дейін бірге тұрғандар арасында, тағы 8% неке тіркелгеннен кейін бір жыл ішінде ажырасқан.

Оқи отырыңыз: Игі істердің бастамасы: бүгін - Қайырымдылық күні

Новости партнеров