Қаскелең мен Алматы арасын жалғайтын жол 8 жолаққа дейін кеңейтіледі

20.01.2025 20:06

Күн сайын 90 мыңға жуық көліктің емін-еркін өтуі үшін жағдай жасалмақ

Қаскелең мен Алматыны жалғайтын жол 4-тен 8 жолаққа дейін кеңейтіледі. Соның нәтижесінде аталмыш учаскеден күн сайын 90 мыңға жуық көліктің емін-еркін өтуі үшін жағдай жасалмақ. Ал қазірдің өзінде бұл жолмен тәулігіне 60 мыңнан аса темір тұлпар арлы-берлі қатынайды екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Уақытты үнемдеуге, көлік қатынасын жақсартуға септігін тигізетін жобаның құрылысы екі кезеңде жүргізіледі. Біріншісінде Үлкен Алматы айналма автомобиль жолынан Қаскелеңге дейінгі учаске, екіншісінде Қаскелең өткелінен Әйтей ауылының бұрылысына дейінгі аумақ қамтылмақ.  

"Қазіргі таңда Алматы-Бішкек республикалық маңызы бар автомибиль жолының 19 және 27-шақырым аралығында күрделі жөндеу жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжат жасап жатырмыз. Аталған жобада 4 жолақтан 8 жолаққа дейін жолды кеңейту көзделіп отыр. Сонымен қатар 2 жолайрығын сол жобаға қосатын боламыз. Сонымен қатар 12-ге жуық жаяу жүргіншілер өткелін салу жоспарлануда", - деді "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы Жанат Өтепбергенов.    

Оқи отырыңыз: Алматыда Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының ескі ғимараттары жаңғыртылады