Шаруалар жанайқайы: Қарағанды облысында мал індетінен 300-ден астам жылқы қырылған

20.01.2025 20:42

Бүгінде үш ауылдың малы ауруға шалдыққан

Қарағанды облысына қарасты Төрткөл ауылында меңдеген мал ауруы шаруалардың мазасын қашырған мәселеге айналды. Қауіпті кесел саналатын эпизоотиялық лимфангиттің кесірінен бүгінге дейін үш жүзден астам жылқы қырылыпты. Облыстағы аумақтық инспекцияның мамандары да індеттің 3 ауылда тіркелгенін растап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Төрткөл ауылының тұрғыны Мәдениет Жұмаділдә «эпизоотиялық лимфангит салдарынан 20-ға тарта жылқым қырылды» деп отыр. Қауіпті індет жұқтырған Қамбар ата төліне ем-дом жасау үшін ол шаш етектен шығындалыпты. Бірақ қанша тырысса да, нәтиже жоқ. "Талай жыл табан ақы, маңдай термен өсірген жылқымды жалмаған дертпен күресетін амалым таусылды" дейді шаруашылық иесі. Мұнда ауырып өлген малынан бөлек, құлын тастаған байталы көбейгендер де бар. Бәрі кеселдің кесірі.

"Былтыр 10 бас өлді. Биыл 10 бас қырылды. Тағы ауру шығып тұрғандары бар. Жылқыларымыз қырылып жатыр. Енді дер уақытында емдеп қарамаса, бұдан біз шаршадық. Бізде басқа қолдан келер шара жоқ. Осы аурудан әбден қажыдық. Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ", - деп шағынды Төрткөл ауылының тұрғыны Мәдениет Жұмаділдә.

"Мұң-мұқтажымызды кімге айтамыз? Күніміз оы малға қарап отыр. Онсыз да лимфангит екені көрініп тұр ғой. Мен жылқымды қалай емдеймін? Тіпті дәрі алып, егіп жатырмыз. Жазатын жерге жазамыз. Сөзіміз бен қолымыз жететін жерге дейін барамыз", - деді Төрткөл ауылының тұрғыны Қадиролла Жұмаділдә.

Дендеген дерт тек құйма тұяқты жануарларға жұғады екен. Індетке шалдыққан малдың денесін ірің жайлап, артынша жүріп-тұрудан қалады. Жылқының жұқпалы індеті Бұқар жырау ауданында осыдан екі жыл бұрын анықталыпты. Ал қазір үш ауылдың малы ауруға шалдыққан.

"Карантиндік аумақта Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің республикалық эпизоотияға қарсы отряд мамандары жұмыс істейді. Олардың міндеттері – бес күн сайын үлкен жылқы табындарын аралап, аурудың клиникалық белгісі бар малды оқшаулау және он бес күн сайын қора-жайларға дезинфекция жұмыстарын жүргізу. Осы жұмыстарды біз қадағалап отырамыз", - деді облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Дархан Иманбаев.

Қоса кетейік, бұған дейін Үміткер ауылдық округінде эпизоотиялық лимфангитпен ауырған 362 бас жылқы өртеліпті. Ал дертпен күресу үшін Отардағы биологиялық қауіпсіздік проблемаларын зерттеу институты вакцина әзірлеген. Аудан әкімі қазір екпеге қатысты ережеге өзгерістер енгізіліп жатыр деді.

"Мәселе өте маңызды. Өте жақсы түсінемін. Өзіміз де сол ауылда болып, халықпен кездестік. Тиісті вакцина толық тіркеуден өтіп, толықтай зертханалық және басқа да ғылыми жұмыстар аяқталғаннан кейін, аталмыш аумақтағы барлық мал толық вакцинадан өткізілетін болады", - деді Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын.

Айтпақшы, індеттің ілмегіне ілінген 339 жылқы үшін шаруаларға 151 миллион 650 мың теңге төленіпті. Әйтсе де, жауаптылар өтемақыға келгенде істі сағызша созып, сөз бұйдаға салатын көрінеді. Шаруалар осыған наразы.  

"Өтемақының кешіктірілу себептері, біріншіден, статистика қорытындысының кеш шығуы. Екіншіден, бюджет жыл басынан бекітіледі. Бюджетті нақтылаған процедуралары себептері болуы мүмкін. Дегенмен өтемақы нақты уақытында төленіп жатыр", - деді ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Дархан Иманбаев.

Алақандай ауыл тұрғындарының азын-аулақ мал бағып, өнім саудалап күнелтіп отырғаны айтпаса да түсінікті. Бірақ Төрткөл ауылы былтырдан бері карантинде. Сәйкесінше, шаруалар қамыс құлақ жануардың еті мен сүтін сата алмайды. Осының бәрін ескеруді сұраған төрткөлдіктер Қамбар ата төлін қынадай қырған қауіпті дертке қарсы вакцинаны тездетуді сұрайды. Әйтпесе, қорадағы малдан тұяқ қалмау қаупі бар.

Жанбота Бейсембайұлы, "Алматы" телеарнасы үшін арнайы Қарағанды облысынан

Оқи отырыңыз: Картоп бағасы қымбаттады: Түркістан облысында қандай шара қабылданып жатыр